Skip to content
Басты бет » Ә.Әбілханқызы. — «Сидоркин қылқаламындағы Абай әлемі»

Ә.Әбілханқызы. — «Сидоркин қылқаламындағы Абай әлемі»

     Биылғы маусымның шуақты мезгілінде графикалық суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның Халық суретшісі Евгений Матвеевич Сидоркиннің туған күні. Еліміздің отандық сурет өнерінде есімі өнерімен әйгілі Евгений Матвеевич Сидоркиннің туғанына 95 жыл. Ол бейнелеу әлемінде тек график-суретші ретінде ғана емес, қазақ руханиятының терең тұңғиығына үңілген санаулы суретшілердің бірі ретінде танымал. Ол нағыз рухтың суреткер ретінде Халық суретшісі атағына ие болған. Оның шығармашылық ғұмыры – қазақ халқының болмысын, тылсым жан-дүниесін бейнелеуге арналғандай өте әсерлі.

    Сидоркиннің шығармашылық әлеміндегі ең асқақ шың – Абай тұлғасын бейнелеуге арнаған туындылары. Ол ұлы ақынның бейнесін қағаз бетіне түсіруде қарапайым штрихтармен емес, терең философиямен, ішкі сезім ағынымен жұмыс істеді. Әрбір иллюстрация – Абай ойының бір үзігі, ақын жүрегінің лүпілі, халқының мұңын, үмітін арқалаған кесек образ.

    Абай – қазақтың рухани бәйтерегі. Ал Сидоркин сол бәйтеректің әрбір жапырағын, әрбір діңін зерделей отырып, оның ішкі әлеміне саяхат жасады. Суретші тек ақын бейнесін ғана емес, оның заманын, ортасын, күресін, жан қасіретін де қылқаламмен сөйлетті. Оның графикалық туындыларында Абайдың зіл салмақты жанары, терең ойға батқан келбеті, философиялық болмысы анық сезіледі. Шығармалардағы қою көлеңке мен жарықтың өзара диалогы – Абай ойының тереңдігі мен заманының күрделілігін ашып тұр.

    Сидоркиннің «Абай жолы» роман-эпопеясына жасаған иллюстрациялары – әдеби шығарманың бейнелеу өнеріндегі көркем жалғасы іспетті. Мұнда сөз бен сызық, поэзия мен графика үндесіп, бір-бірімен үйлесіп кетеді. Ол М.Әуезовтің суреткерлік болмысын бейнелеуден бөлек, өзі де Абайды өз жүрегінен өткізіп, қайта тудыра білген ерекше өнер тұлғасы.

    Сидоркиннің бейнелеу өнеріндегі алғашқы тырнақалды туындылары да қазақ халқының рухани болмысына жақын еді. Ол Қазақстанға келген алғашқы жылдары-ақ ұлттық фольклор мен эпостарға ден қойып, соларды бейнелеуге кірісті. 1958 жылы жарық көрген «Қазақ ертегілері» атты графикалық сериясы оның көркемдік әлемінің тереңдігі мен сезімталдығын дәлелдеді. Бұл туындыларда шебер халықтық образдарды шынайы, әрі нәзік штрихтармен бейнелеп, эпикалық кең тынысты сақтай білді.

    Кейіннен ол М.Әуезовтің «Абай жолы» романына, Жамбылдың поэзиясына, Құрманғазының күй әлеміне арналған графикалық композициялар жасай отырып, қазақ мәдениетінің тұтас галереясын қағаз бетіне түсірді. Оның «Шопандар», «Ауыл», «Аңшылар», «Базар» сынды сериялары – қазақ даласының тыныс-тіршілігін бейнелейтін айшықты туындылар. Әсіресе, линейный графика тәсілінде жұмыс істей отырып, ол қазақ халқына ғана тән келетін ұлттық мінезді, этнографиялық нақыштарды жоғалтпай жеткізді.

    Бұл туындылар қазақ халқының көркемдік қазынасына қосылған баға жетпес мұра десек артық айтпаған болар едік. Сидоркиннің Абай әлеміне жасаған саяхаты – бұл тек сурет өнерінің жеңісі емес, ұлт рухының, мәңгілік мұраттың жеңісі болып табылатыны хақ. Оның шебер қолынан туған әр сурет – Абай әлемінің бір терезесі, сол терезеден қараған әр көрермен ұлы ойшылмен үнсіз сырласуға мүмкіндік алалатындығы айқын.

    «Шығыс Қазақстан облыстық тарихи — өлкетану музейі» «Жалпы тарих, археология және этнографияны ғылыми зерттеуді қамтамассыз ету бөлімінің Тарихшы маманы   Ә.Әбілханқызы.

     

    Бөлісу/Поделиться:

    3 thoughts on “Ә.Әбілханқызы. — «Сидоркин қылқаламындағы Абай әлемі»”

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *