Skip to content
Басты бет » Дін мен дәстүр

Дін мен дәстүр

    Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы зор.   Дін-адамдық қасиетттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр — ұлт болып, қалыптасу үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері бар. Еліміздің  ұлан-байтақ жерді алып жатуы, ғасырлар бойы  халқымыздың бойындағы батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ халқы ұлттық дәстүрге ерекше мән берген.  Дәстүр — ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым.  Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар  деп айтуға болады.  Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол»-деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды, әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуды әмір етіп тұр.  Ислам діні — әрбір халықтың, ұлттық өзіндік құндылықтары, ерекшеліктері мен  әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып, мәселелерін талдап, зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына балта шабу емес, дінді бұзушылық болып табылады. Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «Әл-ғурып» дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» — деген. Ал, имам Сарахси хазірет: «Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады» — деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған ислам тиым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар»-деген керемет нақыл бар. Осыған орай, ғұрыптың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты әсте қарауға болмайды. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының  салт-дәстүрлері мен  әдет ғұрыптары да халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырым-тиымына қарай қалыптасып келеді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе, халықтың асыл қазынасын сақтау, рухани байлығын  дәріптеу, салт-дәстүрін, тілі мен ділін жетік меңгеру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен құрастырылған, «Дін мен дәстүр» кітабының оқырмандарға берер тағлымы зор. Белгілі ақын-жазушы Мұқағали Мақатаев: «Дін-ғылымның атасы, дін-ғылымның анасы, ғылым діннің баласы» — деп, ғылым-білімнің  негізі — дінде жатқандығын еске салады.  Бұдан қазақ халқының болмыс бітімінің,  мәдениеті мен әдебиетінің ислам дінімен біртұтас  екенін көреміз.  Ендеше бүгінгі ұрпақ,  ең негізгі дін-ислам дінін қадірлей отырып, ата-дәстүрін ардақтаған абзал деген ғибратты сөздер осыған  дәлел бола алады.      

                                                             

    Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің бұқаралық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушысы К.Т.Уалиева

    Бөлісу/Поделиться:

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *