Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан Республикасының шығыс бөлігінде орналасқан табиғаты ерекше, жер бедері күрделі өңірлердің бірі болып табылады. Облыс солтүстігі мен солтүстік-шығысында Ресей Федерациясымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, ал оңтүстігі мен батысында Қазақстанның басқа облыстарымен шектеседі. Мұндай шекаралық орналасу өңірдің геосаяси, экономикалық және көлік-логистикалық маңызын арттыра түседі. Облыс аумағы шамамен 97,8 мың шаршы километрді құрайды. Әкімшілік орталығы – Өскемен қаласы. 2022 жылы жүргізілген әкімшілік-аумақтық өзгерістердің нәтижесінде бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігінде Абай облысы құрылып, қазіргі облыс шекарасы қайта нақтыланды.
Шығыс Қазақстанның географиялық орны оның табиғи жағдайларының алуан түрлі болуына ықпал етеді. Облыс шамамен 45°–52° солтүстік ендіктер мен 76°–87° шығыс бойлықтар аралығында орналасқан. Еуразия материгінің орталық бөлігіндегі орны, мұхиттардан қашықтығы және таулы аймақтардың басымдығы өңірдің табиғи ерекшеліктерін айқындайды.
Шығыс Қазақстан табиғатының ерекшеліктері
Шығыс Қазақстан табиғатының ерекшелігі – оның аумағындағы табиғи жағдайлардың алуан түрлілігі, ландшафтардың ерекше бай жиынтығы, флора мен фаунаның сан алуандығы. Облыс шекарасы өзгергеннен кейін де бұл өңір Қазақстандағы ең орманды және биоалуандығы жоғары аймақ мәртебесін сақтап қалды.
Бүгінгі таңда қазіргі ШҚО аумағында (негізінен Алтай таулы жүйесі мен Зайсан ойпатында) жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1000-нан астам түрі (Алтай флорасының негізі), сүтқоректілердің 60-қа жуық түрі, құстардың 300-ден астам түрі мекендейді. Облыстың басқа өңірлерден басты айырмашылығы – мұнда елімізде сирек кездесетін қылқан жапырақты (тайғалық) ормандар шоғырланған. Жер бедері мен ландшафтың бұл түрлері, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің ерекшелігі Алтай тауларындағы геологиялық процестердің ұзақ жүруінің, мұз басу дәуірлері мен климаттық өзгерістердің, сондай-ақ оқшауланған таулы экожүйелердегі флора мен фауна эволюциясының тікелей салдары болып табылады.
Шығыс Қазақстанның климаты мен жер бедері өзінің экстремалды контрастылығымен таңғалдырады. Облыстың климаттық картасына көз жүгіртсек, күрделі рельеф пен биіктік белдеулеріне байланысты температура мен ылғалдылықтың күрт өзгерісін көреміз. Мысалы, Зайсан қазаншұңқырында жазғы ең ыстық пен қысқы ең суық температураның абсолюттік амплитудасы (айырмашылығы) 90–100 °C-қа жетеді. Мұндай шұғыл континенттілік Еуразия материгінің өзге ешбір нүктесінде дерлік кездеспейді.
Табиғи белдеулер мен ландшафттар
Қазіргі Шығыс Қазақстан аумағында бүкіл Сібір мен Алтай-Саян тау жүйесінің ең биік шыңы — Мұзтау (Белуха — 4506 м) орналасқан. Осы асқар таудың етегінен шыңына дейінгі аралықта табиғаттың қайталанбас құбылысы байқалады: Зайсан ойпатының жиегіндегі құрғақ жартылай шөлдер жоғары өрлеген сайын далаға, таулы тайғаға, субальпі шалғындарына, содан кейін биік таулы тундра мен мәңгілік мұздықтарға ұласады.
Мұнда тропик пен субтропиктен басқа материктің барлық дерлік ландшафт түрлері бір-бірін алмастырып, өте тығыз аумақта шоғырланған. Музей залындағы диорамалардың әрқайсысы осы бірегей табиғи белдеулердің өзіне тән ерекшелігі мен сиқырлы бейнесін ашып көрсетуге арналған.
Жануарларды жерсіндіру (акклиматизация)
Табиғи ресурстарды, соның ішінде жануарлар дүниесін ұзақ уақыт бойы бақылаусыз пайдалану кәсіптік фаунаның кедейленуіне, ал кейбір жағдайларда құнды аң түрлерінің мүлдем жойылып кету қаупіне әкелді. Осыған байланысты ХХ ғасырдың ортасында аймақ экожүйесін байыту мақсатында жануарларды жерсіндіру (акклиматизациялау) жұмыстары белсенді жүргізілді.
Бұл витринада облыстың аңшылық алқаптарына сәтті бейімделген сүтқоректілер мен құстардың түрлері ұсынылған. 1950 жылдары Шығыс Қазақстанның су айдындарында бағалы терілі ондатр сәтті климатқа бейімделсе, 1960–1970 жылдары Алтайдың таулы-тайғалық ормандарына американ күзені, баргузин бұлғыны мен телеут тиіні, ал кейінірек облыстың оңтүстік өңірлеріндегі тоғайларға Жетісу қырғауылы жіберілді. Бұл ауқымды экологиялық шаралар аймақтың аңшылық және биологиялық қорын жаңа түрлермен байытуға мүмкіндік берді.
Алтай ботаникалық бағы
Бүгінгі таңда өңірде өсімдіктер мен жануарлар дүниесін ғылыми зерттеуге және оларды сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл істе Риддер қаласында орналасқан, бірегей ғылыми орталық — Алтай ботаникалық бағының рөлі орасан зор.
Ботаникалық бақ қызметкерлері Шығыс Қазақстан флорасын түгендеу, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктердің өсу жағдайларын зерттеу, сондай-ақ оларды қорғау шараларын әзірлеумен айналысады. Мұнда ғалымдар сирек өсімдіктерді арнайы тәжірибелік телімдерде қолдан өсіріп, кейіннен оларды қайтадан табиғи мекендеу орындарына қайтару (интродукциялау) жұмыстарын жүргізеді. Витрина мен подиумдағы материалдар ботаникалық бақ ұжымының көпжылдық ғылыми ізденістерімен және олардың табиғатты қорғаудағы маңызды нәтижелерімен таныстырады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
Шығыс Қазақстан облысының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары (ЕҚТА) аймақтың қайталанбас биоалуандығын, реликтілі ормандары мен жабайы табиғатын түпкілікті сақтау мақсатында құрылған. Облыстың жаңа шекарасында еліміздегі ең ірі ұлттық парк және екі бірдей ірі мемлекеттік табиғи қорық толықтай сақталып қалды.
Бүгінгі таңда қазіргі ШҚО аумағында келесі қорғалатын нысандар жұмыс істейді:
- Мемлекеттік ұлттық табиғи парк: Катонқарағай (Қазақстандағы ең үлкен ұлттық парк);
- Мемлекеттік табиғи қорықтар: Марқакөл және Батыс Алтай;
- Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи заказниктер (қорықшалар): Құлужұң (зоологиялық), Төменгі Тұрғысын (ботаникалық), «Қаратал құмы» (ботаникалық);
- Рахманов қайнары (ботаникалық-геологиялық) және Асубұлақ (геологиялық-минералогиялық) нысандары.
Сонымен қатар, облыста бірегей табиғат ескерткіштері шоғырланған. Олардың қатарында республикалық маңызы бар «Синегор шыршасы» және таңғажайып ландшафтымен белгілі «Ашутас», «Қиын-Керіш», «Алаулы адырлар», «Тархан геологиялық учаскесі» және «Көгілдір шығанақ» сияқты геологиялық, палеонтологиялық ескерткіштер бар. Риддер қаласындағы Алтай ботаникалық бағы мен ерекше мемлекеттік және ғылыми маңызы бар су айдындары да осы жүйеге кіреді.
Қазіргі таңда жаңа шекарадағы ШҚО-ның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жалпы ауданы 1,1 миллион гектардан асады, бұл облыстың жалпы аумағының шамамен 11%-ын құрайды. Бұл — республика бойынша ең жоғары экологиялық көрсеткіштердің бірі.
Табиғат бөлімінің ғылыми қызметкерлері жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жобаларын әзірлеуге: табиғи ұлттық саябақтар, қорықшалар мен табиғи қорықтар; облыстағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың схемасын әзірлеу; Марқакөл және Батыс Алтай қорықтарының, Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің ғылыми бағдарламалары бойынша жұмыстар; халықаралық ұйымдар мен қорлардың (WWF, NABY, UNDP, GEF және т.б) жобаларына қатысады. 2002 жылы музей Сиэтлде (АҚШ) өткен халықаралық қар барысын қорғау ұйымының саммитіне қатысты. Музей қызметкерлері жануарлардың эволюциялық морфологиясы және экологиясы институтының (Мәскеу) және Нидерландтық Пржевальский жылқысын қорғау қорының Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданындағы ресей-нидерланд экспедицияларының тұрақты қатысушысы болды.









