Skip to content
Басты бет » Тұмар тағу түркінің көне дәстүрі

Тұмар тағу түркінің көне дәстүрі

    Тұмардың тарихы тереңде жатыр. Тұмар тағу ырымы түркілік дәстүрдің айқын көрінісі болып табылады. Шығыс Қазақстан облысында археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, ерте темір дәуірі кезінде  өмір сүрген,  сақ тайпалары моншақ тастарды, ұлу қабыршықтарын, жыланның басын, сонымен қатар   аңдардың сүйектерін, құстардың қауырсынын,  азу тістерін, асықтар мен бақайшақтарды мойындарына  тағып жүріп, осы заттар оның  иесіне аңның ептілігін, айласын, қайраттылығын, күшін береді-деген наным сенімде болған.    

      Тұмар сөзінің этимологиясы көне түркінің  «Тума» және «Йер» тіркесінен «туған жер»  мағынасын береді. Ғасырлар бұрын қағаз жоқ, алыс сапарға сауда-саттық жасау немесе соғыс жорығына аттанғанда бабаларымыз мал терісінен ұқсатып, үшбұрышты етіп қалташыққа, яғни тұмарға туған жердің топырағын толтырып алып шығады екен. Ұлы — ұстаз, ғұлама Әл-Фараби қартайып, бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, құпияны сақтап, шартын орындасаңдар ғана ашамын» — дейді. «Айтқаныңызды екі етпейміз» — деп шәкірттері де уәде береді. Сонда ұстаз оларға киізден тігілген тұмарды ұсынып, өз қабірінің басында ашуды міндеттейді. Араға көп уақыт өтпей данышпан дүниеден өтеді. Шәкірттері арулап, жерлеу рәсімі кезінде әлгі тұмарды ашып қараса,  ішінен бір түйір қағаз  шығады. Оған: «Бұл мен туған жердің топырағы. Қабіріме осы топырақты салыңдар» — деп жазып кеткен екен. Ғұламаның әлгі өтініші үлкен тебіреніспен, толқумен орындалыпты. Бұл туған жерді қадірлеп, қастерлеуден шыққан сенім. Қазақ халқы үшін — көк аспан, күн, су, от сиқты  қара жер де  киелі ұғымдардың бірі. «Қара жер» киелі жер деген мағынаны білдіреді. Бұрынғы көшпелілер тағатын тұмардың ішінде туған жердің бір уыс топырағы болған.  Кейінірек мұсылман дінінің орнығуына байланысты тұмардың ішінде дұға жазып салу салт-дәстүрі қалыптасқан. Тұмарды діни ғұламаларға жаздырып, алып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүрген. Қазақ халқы тұмарды тек әшекей ғана емес зиянды тылсым күштерден, тіл-көзден, ауру-сырқаудан, пәле-жаладан сақтайды — деген түсінік бойынша таққан. Оларды түсті  металдардан, терілерден, үшбұрыштап, төртбұрыш етіп жасап, сыртын өрнектеп, асыл тастардан көз салып әшекейлеген. Оларды көбінесе адамға, әсіресе жас балаға «көздің сұғынан, тілдің уынан сақтайды» — деп таққан.  Көз тимеу үшін тұмарды малдарға   мысалы: ботаға , жүйрік атқа,  сүтті көп беретін сиырға тағу әдеті де әлі сақталып келеді. Тұмар түрлері: жастық тұмар-төртбұрышты түсті металдан жасалған көркемдік  бұйым, қиық тұмар-сәндікке мойынға тағылатын жалтырауық затттардан жасалған тұмар,  лағыл тұмар-лағыл таспен безендірілген тұмар, сіркелі қолтық тұмар-бетіне сіркеліп, өрнек салынған тұмар,  алтын тұмар-күмістің бетіне алтын жалатқан алтынмен әшекейленген тұмардың  бір түрі. Тұмаршаның қасиетіне табынған жұрт оны күмістен жасатып, сыртына неше түрлі зер жүргізіп, алтынмен аптаған. Сонымен қатар, тұмардың рөлін атқарған әдемі алқалар да болған. Қазіргі кезде тұмар тағу сәнге айналуда.  Алайда сол тұмарды не үшін тағып жүргенін, оның мағынасын түсінген абзал болады. 

    Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің бұқаралық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушысы К.Т.Уалиева

    Бөлісу/Поделиться:

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *