Жеңістің туы жалтылдап,
Жығылмай мәңгі тұрады.
Сол тумен өскен аршындап,
Ерлердің бізбіз ұланы!-дегендей ,келешегінен мол үміт күттірер жас буынның ең бірінші міндеті ардагерлерімізге тағзым ете отырып, өз Отанын сүю ,мұра етіп қалдырған кең байтақ жерімізді қадір тұту және өз ана тілін ардақтау .Ата-бабамыз аттың жалында,түйенің қылында жүріп өз жерін,елін жаудан қорғап,қайсарлық танытқан.Б.Момышұлы атамыз айтқандай-«Отан үшін отқа түс,күймейсің».Жастарымыз намысшыл,қайтпас қайсар,өжет бола отырып,мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін де жоғалтпай ,өмірлік жолдарында ала жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі заман,яғни XXI ғасыр технология қарқыны зырғып дамып жатқан кезең.Ат құлағында ойнаған балаларымыз да азайып,ғылым мен техниканың дамыған кезі болып барады.Десе де бауырмал болып,айналаңа мейірімділікпен қарасаң ,елдің бүтіндігі биік қамалдай болмақ.Отбасың,ортаң,елің тату болса ауызбіршілік қатайып,еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілік арта түседі.Отаншыл болу-бауырмашыл болудан басталады.Сондықтан отбасыдан басталатын тәрбиеге көп мән берген жөн бе деп ойлаймын.Ата-анасын,бауыр-қарындасын,кейін мектеп қабырғасында сыныбы мен ұстаздарын,есейгенде ұжымын қадірлеп өскен әрбір жан,өз елін,жерін емірене сүйіп,шын ниетімен туған жеріне жаны ашыры анық.Айтпағым ,расында «Отан отбасынан басталады». Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы –адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отанды сүю, өмірге құштарлық, сұлулықты тану бала кезден отбасында басталатыны көпке мәлім.
Сондықтан да елімізді ,жерімізді сүйіп,патриоттық сана-сезімімізді жоғалтпай бейбіт өмір сыйлаған ата-бабамызды ұмытпай ,олардың ерліктеріне тағзым етейік.Осындай ерлік көрсетіп,отан қорғауда өз табандылығын көрсеткен өлкемізден шыққан В.А.Шулятиков болған.
Ол 1917 жылы 9-шы желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын(Большенарым) ауылында дүниеге келген.7 сыныпты бітірген соң Семей педагогикалық училищесіне түсті.Мұғалім,оқу ісінің меңгерушісі,Семей облысындағы В.В.Маяковский атындағы Георгиевка орта мектебінде директор болды.1939 жылы қыркүйекте Қызыл Әскер қатарына шақырылды.
Майданда 1941 жылдан бастап 65-ші атқыштар корпусы, 123-ші жеке байланыс батальонының телефон кабель ротасы бөлімшесінің командирі ретінде болған.Осы жылдың 22-маусымында 163-ші Ромны атқыштар дивизиясының құрамында Прибалтика неміс фашистерімен ұрысқа кірді.Солтүстік Батыс,Дала,Воронеж,1-ші және 2-ші Украин майдандарында соғысқан.Лычково станциясындағы ұрыстар есте қаларлықтай.Тапсырмаларды мінсіз орындағаны,тапқырлығы үшін В.А.Шулятиковқа 1943 жылы 29 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1944 жылы В.А.Шулятиковты Лениград байланысшылар әскери академиясына оқуға жіберді.Кейін ол академияның адъюнктурасына түсті.
1955 жылы кандидаттық диссертация қорғады.Академияның байланыс кафедрасына сабақ берді.В.А.Шулятиков 2009 жылы қайтыс болып, Санкт-Петербург қаласындағы Волков зиратында ескерткіш тақта қойылды.Үлкен Нарын ауылындағы көшелердің бірі де осы батыр жерлесіміздің атымен аталды.Осындай батыр аталарымыздың ерліктерін ұмытпай,әрқашан жадымызда сақтап жүрейік. Отанымыз тыныш болғай! Еліміз аман, халқымыз бейбіт өмір сүргей! Ешқашан соғыс болмасын! Ұлы Отан соғысының тигізген зардабы қаншама! Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімдіктілерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн – Ұлы жеңіс күні. Атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай , жауды қайсарлықпен жеңіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен халқы үшін үлкен қуаныш болған күн!
« Ер есімі – ел есінде» демекші бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізде нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.
Фотосуреттер мен өмірбаяны қордан алынды
Уалиева Айнур — қор сақтаушы
ШҚО мәдениет басқармасының
«Облыстық тарихи-өлкетану музейі»
коммуналдық мемлекеттік қазыналық
кәсіпорны Үлкен Нарын ауданы
Үлкен Нарын ауылындағы
филиалы
«Ер есімі – ел есінде» деген сөздің мағынасы осындай игі істер арқылы шынайы көрініс табады. Өткеннің өр тұлғаларын ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Мұндай бастамалар өскелең ұрпаққа отансүйгіштік пен елжандылықты сіңіреді. Қасиетті тарихымызды сақтап, жеткізуде еңбек етіп жүрген музей қызметкерлеріне алғысымыз шексіз!
Уалиева Айнурдың мақаласы — ардагерлерге деген құрмет пен Отанға сүйіспеншілікті насихаттайтын тағылымды туынды. Кеңес Одағының Батыры В.А. Шулятиковтың ерлігі арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңыздылығы жақсы ашылған. Отбасыдан басталатын ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтар да сәтті қамтылған. Осындай мазмұнды еңбектер көбейе берсін!