Шілде айынан бастап Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» атты мазмұнды көрме өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көрменің негізгі мақсаты – Абай мұрасын терең насихаттап, оның өмір жолы мен шығармашылық әлеміне жан-жақты шолу жасау.
– Экспозиция мазмұны бірнеше бағытты қамтиды. Абайдың шежіресі мен отбасы бағыты – Зере әже мен Ұлжан ананың тәлімді тәрбиесі, Құнанбай қажының ел арасындағы орны мен әділетті бейнесі. Жанұясы мен өмірлік серіктері – жары Ділдә, балалары Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл арқылы Абайдың әкелік бейнесі. Шығармашылық мұрасы – алғашқы өлеңдерінен бастап қара сөздеріне дейінгі рухани ізденісі. Орыс зиялыларымен байланысы – Е.П. Михаэлис, Н.И. Долгополов секілді тұлғалармен рухани ықпалдастықтары.
Абайдың шәкірттері мен ізбасарларына да ерекше орын берілген. Мұнда сіз Абай ілімін жалғастырған, терең ойлы ақын әрі ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы, ақын мұрасын ұрпаққа жеткізуде ерекше еңбек сіңірген Мағауия мен Тұрағұл туралы тереңірек біле аласыз, – дейді мұражай қызметкері Альфия Бақбаева.
Сондай-ақ Абайдың болыс ретіндегі қызметі, оның әділет пен халық игілігі жолындағы күресі де көрмеде кеңінен қамтылған. Бұл тұс Абайдың азаматтық болмысы мен саяси көзқарастарының қалыптасуына ерекше ықпал еткен кезең ретінде ұсынылған.
Көрме – жай ғана тарихи шолу емес, рухани ой кеңістігі.
Абай мұрасы – өткеніміздің алтын діңгегі ғана емес, бүгінгі қоғам үшін де бағдаршам. Ол – қазақ халқының рухани серігі, ұлт болмысының темірқазығы.