Skip to content
Басты бет » «Мұнда қайғы мен қасірет мәңгі қалады!»

«Мұнда қайғы мен қасірет мәңгі қалады!»

    Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жыл сайын облыстық тарихи-өлкетану музейінде түрлі іс-шаралар өтіп келеді. Биыл атаулы датаға байланысты музейінде «Таңбаланған. Адамдар және тағдырлар» атты экспозициялық көрме ашылады.

    Көрме материалдары саяси қуғын-сүргін құрбаны болған шығысқазақстандықтардың қайғылы тағдыры туралы баяндайды, құжаттар мен фотосуреттер сол уақытта адамдардың қандай жағдайда болғанын, қалай заңсыз атылып, сотталғанын куәландырады. Саяси қуғын-сүргін алпыс жылдан астам айтуға, жазуға қатаң тыйым салынған тақырып болатын. Десек те музей қызметкерлерінің арқасында біраз материал жиналды. Соның негізінде құжат көшірмелері, лагерь тұтқындарының жазған хаттары экспозициядан орын алады.

    Музей экспозициясының алғашқы бөлімі Алаш арыстарына арналады. Мұнда Алаштың ұлы тұлғалары туралы фотосуреттер мен құжат көшірмелері қойылады. Олар Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаев, Х. Ғаббасов, Р. Мәрсеков, М. Тынышбаев сынды Алаш қайраткерлерінің өмір жолынан ақпар береді. Сонымен қатар экспозицяда қазақ қоғамын таптық негізде жіктеу саясатына, 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа, конфескелеуге қатысты құжаттар көрсетіледі.

    1937 жылы Қазақстанда шамамен 7500 адам қуғынға ұшырап, оның 2500-і ату жазасына кесілсе, Шығыс Қазақстанда 1350 адам қуғынға ұшырап, 300 адам атылған. «Халық жауларымен» күрес жүйелі жүргенін және осы жоспарларға үнемі түзетулер енгізіп отырғанын экспозицияға қойылатын құжаттар айғақтай түседі. Экспозицияның келесі бөлімінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың қасіреті туралы баяндалады. Қорытынды бөлім Тәуелсіздік үшін күрескен 1986 жылғы желтоқсаншы жастарымызбен түйінделеді.

    Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері репрессия тақырыбымен 60-шы жылдардан айналыса бастады. Ал 90-шы жылдары белсенді түрде репрессия, депортация жөнінде біраз материал жинақтады. Өкінішке қарай, облыстық архивтерде көбінесе ақталған туралы бір жапырақ қағаз ғана сақталған. Дегенмен музей қызметкерлері жазықсыз жазаланғандардың бүгінгі ұрпақтарының аталары, әкелері жайлы қолда бар естелік материалдарын алып қалуға тырысады.

    Солардың бірі – Шайхи Тұрлыбаев 1937 жылы репрессияға ұшыраған. Ол 1911 жылы Қарағанды ​​облысы, Тельман ауданы, №8 ауылда туған. «Алтайполиметалл» тресі Риддер зауытында арнайы сектордың меңгерушісі болған. 1937 жылы 21 қыркүйекте НКВД тұтқындап, 1938 жылы 10 наурызда КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының үкімімен сотталған. Ол 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жөнелтіледі. 1958 жылы 19 сәуірде сот қаулысымен ақталған.

    Қуғын-сүргіннің тағы бір құрбаны – Кәрім Құндақбаев 1906 жылы Зайсан уезінің №5 ауылында дүниеге келген. 1927 жылы екі сыныптық сауат ашу мектебін бітірген. 1928 жылы халық тергеушісі курсын тәмамдап, 1929-1930 жылдары Зайсан ауданының жер бөлімінде қызмет атқарады. Кейін Шілікті совхозына директор болып тағайындалады. 1935-1937 жылдары Үлкен Нарын ауданында екінші хатшы болып қызмет істеген. Ал 1937 жылы Көкпекті ауданында бірінші хатшы болды. Бірақ 1937 жылы 7 желтоқсанда соңғы қызметіне енді кіріскен ол қамауға алынған. 1938 жылғы наурызда Алматы қаласында халық жауы ретінде атылды. 1958 жылдың 27 ақпанында қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. Кәрім Құндақбаевқа қатысты құжаттарды облыстық тарихи-өлкетану музейіне туысы Бижамал Әбесова өткізген. Туыстарының ізденісі арқасында Зайсан қаласының бір көшесіне Құндақбаевтың есімі берілді.

    Қызыл террор ешкімді аяған емес. Сол саясаттың құрбаны болған ауыл зиялыларының бірі – Виктор Фомин 1910 жылы Тобыл округінің Слабочик ауылында дүниеге келген. 1928 жылы Кумашкино (қазіргі Күршім) ауданында агроном болған. Кейін Павлодар қаласына ауысып, жер бөлімін басқарады. Сол қызметте жүрген ол 1937 жылғы 1 қарашада антисоветтік әдебиетті сақтаған деген айыппен қамауға алынып, өлім жазасына кесілді. Бірақ тінту кезінде ештеңе табылмаған. 1956 жылғы 7 қыркүйекте ақталды.  

    Солақай саясаттың салдарынан жапа шекендер мен қаза тапқандарды болашақ ұрпақ ұмытпауға тиіс.




    Бөлісу/Поделиться: