Skip to content
Басты бет » Тас үңгірлердегі сансыз қазына…

Тас үңгірлердегі сансыз қазына…

    Бәріне белгілі, облысымыз аумағының сексен пайызын ғажайып тау жоталары алып жатыр. Қазақтың кең байтақ даласының  қай жеріне барсаң да  таулы алқапқа шыға келесін. Біздің қаламыз да тау арасында тұр. Қалың тау жыныстарының түкпірінде мыңдаған жылдар бойы әртүрлі табиғи құбылыстар орын алады және олардың кейбірі үңгірлердің пайда болуына ықпал етеді. Үңгірлер — бұл жер бетіне аузын ашқан, тау қалыңдығында орналасқан жартас қуыстары. Олардың кейбіреулері бүйір тармақтары  «зал бөлмесі» түрінде кеңейіп, галереялар көрінісін тудырады, ең бастысы, олардың міндетті түрде  – «сыртқа» шығу жолы болады. Тауды аралап,  серуендеуге әуесқойлар көп, тау ішіндегі үңгір ойығына кірмей, кім өтіп кете алады?

    Археологтардың білуінше, табиғи түрде түзілген тау үңгірлерін адамдар тас дәуірінің ең көне кезеңінде баспана ретінде кеңінен қолданған. Облыстың ескі карталарында Бұқтырма су қоймасы пайда болғанға дейін Бұқтырма өзенінің Ертіске құятын жерінде Үңгір деген ауыл болған. Ауылдың бұл атауы көрнекті табиғи ескерткіштен — кіреберісінде алаңдары бар екі жартасты жалпы шатырмен біріктірген үңгірге байланысты қойылған. Сол жерден С.С. Черниковтың экспедициясы тас дәуіріндегі адамның тұрағын тапты. Үңгір көне заманның адамы үшін баспана, қасиетті орын ретінде, ал үңгір алдындағы алаң – құрал-сайман жасауға, тамақ дайындауға және ауа-райының қолайлы жағдайында басқа тұрмыс әрекеттерімен айналысуға  арналған шеберханалар ретінде қызмет етті.

    Табиғи түрде түзілген үңгірлер дүние жүзінде көне заманнан ежелгі адамдарды қызықтырды. Ежелгі адамдардан үңгірлерде қалған іздер — ол от жаққан шұңқырлар, ежелгі еңбек құралдары, жануарлардың сүйектері, қабырға суреттері, кейде мифтік тақырыпта салынған ұзын галереялар түріндегі үңгірлердің қабырғаларында нақышталған бейнелер. Уақыт өте келе үңгірлердің кіреберістері бұталармен жамылып, қираған гранит үйінділерімен жабылып қалып жатты. Оларды адамдар тауып алып, үңгірлер туралы аңыздар жазылды, олар ұзақ уақыт бойы жергілікті тұрғындардың жадында сақталды. Мысалы, Ертіс туралы аңыз бойынша өзен таулармен ұзақ уақыт күресіп, тау арасына өз арнасын салғаны туралы айтылады. Бұл күрестің ескерткіші Ертісте бұрынан белгілі «Жеті ағайынды» табалдырығы болды. «Жеті ағайынды» – бұл Ертіске түсетін жеті жартас, осы жеті жартастың үңгірлерінде жеті ағайынды батырлар өмір сүрген, олар Ертіске кең арна салуға, ағып жатқан су екпінін тыныштандыруға көмектескен деседі.

    Ертіс өзені әрқашан үлкен кеңістіктерді байланыстырған артерия тамыры болды. Ертіс арқылы ормандар, кендер және басқа да жүктер тасымалданып, адамдар өзен бойымен саяхатқа, іссапарға аттанып, қонаққа да барып тұрды.

    Адамдар өзен бойымен жүзіп бара жатып, жағаға қарап, таңғажайып жартастарды, үңгірлерді байқап, содан кейін олар туралы сөз таратып, кейде жолаушылардан ескі аңыздар да естіді. Мысалы, Смоленка өзенінің сағасындағы биіктігі он саженьге дейінгі жартасты әркім көре алады. Жартастың қабырғаларында қызыл бояумен көптеген көне жазулар салынған. Ол жазуларды ешкім оқи да, түсіне де алмады, алайда, халық бұл жазулар құпия үңгірлерде жасырылған үлкен байлық туралы жазылған деп сенді. Огневка өзенінің Ертіске құятын жерінде Петух жартасы орналасқан, бұл жартастың орман ағаштарын өзен бойымен тасымалдаушылардың соңғы дыбыстарын және әндерінің толық жолдарың қайталайтын жаңғырық дауысы бар. Бұл үңгір туралы айтылатын көптеген аңыздар бойынша ол жерде  Гудько көмген қазынаны күзететін рухтар өмір сүреді деседі!

    Үңгірлер туралы аңыздар мен мифтердің көпшілігі жасырынған сансыз байлықтар мен қазыналар туралы болды. Бұл аңыздар көне заманнан бері туындады. Мұндай аңыздар кейде таңғажайып олжалардың табылуы  арқылы расталып отырды, сол себептен аңыздардың да туындауы тектен -тек болмаса керек. Тарихи – өлкетану мұражайында құнды жәдігер — Ұлан ауданы Екатериновка ауылындағы үңгірден табылған көне шаман қобызы сақталған. Зайсан өлкетану мұражайында үңгірден табылған жауынгердің сауыты бар. Бұл сауыт және үңгірлерден табылған ыдыс-аяқ, әртүрлі заманға тиесілі қару-жарақ, қола қазандықтар туралы өлке зерттеушілерінің ХІХ – ХХ ғғ. жазбаларында айтылады. Осы аңыздардың тартымдылығы соншалықты, үңгірлердегі олжаны тек байлық іздеген адамдар ғана емес, сонымен қатар ежелгі дәуірді, ғылыми жаңалықтарды зерделеген зерттеушілер де іздестірген.

    Белгілі өлкетанушы Борис Георгиевич Герасимов 1905 жылы Өскемен тұрғындарының ауызында жүрген үңгір қазыналарына қатысты бірнеше аңыздарды жазып алды. Сол  аңыздар бойынша екі үңгір туралы айтылады. Олардың бірі – Глубокое ауылынан солтүстікке қарай 3-4 км жерде орналасқан Қара төбе үңгірі туралы. Қара төбенің жанындағы үңгірде бір қарақшы өзін жерлеп, кіреберісті үлкен тас тақтайшамен жауып тастаған деседі. Кейде сол тақтайшаны әлдебіреулер көріп қалады, ал сол жерге бара қалған тұста үңгірдің ауызын жапқан тас тақтай көзден ғайып болады мыс. Қарақшы сол үңгірде тонап алған бар байлығын жасырған екен, алайда ол олжаны табу ешкімге бұйырмаған. Екінші аңыз бойынша Өскемен маңында Бүркіт тауындағы үңгір туралы айтылады. Оны Б. Герасимовқа казак В. Черкашин айтып берген. Бірнеше жыл бұрын сол тауда Ертіс арқылы өтетін сауда керуендерін тонайтын батыл қарақшы өмір сүрген екен. Бүркіт құс тәрізді қарақшы зор қырағылықпен керуендерді көріп, жылдамдықпен және ептілікпен тұтқиылдан шабуылдап, кереундерден алған олжасын үңгірге алып кетеді екен. Шыдамы әбден таусылған саудагерлер қарақшыны ұстап, мүлігін қайтармақ болып, керуендерін жабдықтап, көп күзетші жалдайды. Тау маңына келген кезде күзетшілер қарақшыға шабуыл жасау үшін Бүркіт тауына қарай жүгірді. Алайда, сол мезетте  кенеттен ашық күн ортасында тау қара бұлт жамылып, күн күркіреп, жарқылдаған найзағай атқылап, бойларын үрей алған күзетшілер тым-тырақай қаша жөнелген деседі. Кейіннен батыл батырлар Бүркіт тауының тұрғынын ұстап алуға бірнеше рет әрекет жасаса керек, бірақ әрдайым тау қара бұлтқа оранып, найзағай мен алай-дүлей күшке алдыртады екен. Қарақшының тудырған үрейі мен қорқынышының зор болғаны соншалықты, қарақшы өмірден өткеннен кейін де ұзақ уақыт бойы әркім таудың жанынан өтуден қорыққан екен. Аңыз бойынша, қарақшы Бүркіт тауында тоналған алпауыт байлығын бірнеше үңгірлерге жасырған, бірақ ол үңгірлерді ешкім таба алмаған.

    Өскемен қаласының тұрғыны Е.И. Пушкарева Борис Георгиевичке Монастырь таулары туралы қызықты аңыз айтып берген. Аңыз бойынша, бұрын таулардың орнында монахтар тұрған қалмақ (жоңғар) монастыры болған. Монахтардың күнәлары үшін монастырь тасқа айналған деседі, жергілікті сөзбен айтқанда монастырь «қатып қалған» екен. Бір кездері монастырь үңгірлерінің біріне қарақшылар қоныстанады. Олар үңгірлерге үлкен олжа жасырып, байлықты қорғап тұратын сиқыр сөз салған екен. Қарақшылардан қалған қазынаны иемденуге тырысқан батылдар бірнеше рет үңгірге кіруге әрекет жасаған екен,  бірақ оларды үңгірден соққан қатты жел кері лақтырып, кіргізбейді екен. Сондықтан ол қазына табылмаса керек.

    Қалба және Нарым тауларында қола дәуірінде мыс пен қалайы кені өте көп болған. Қола дәуірінің мыс кендерінің үңгір тәрізді кіреберістері болған. Олардың кейбірі бүгінгі күнге дейін сол күйінде сақталған. Олар көбінесе алтын іздеушілердің назарын аударған. Өйткені, ХІХ — ХХ ғасырдың басында бұл жерлерде құм тәріздес алтын кені өндірілген және бұл жер  алтын кенін өндіру ауданына айналған. Г.Д. Гребенщиковтың бұл туралы «Үңгірлерге саяхат» атты таңғажайып очеркі бар. Ізденімпаз саяхатшылардың саны төртеу болған – Г. Гребенщиков, ағайынды Михаил және Константин Горшковтар және Александр Голимонт. Олардың барлығы қалада өте танымал тұлғалар болған. Бірінші кезекте олар үңгірді белгілеп, өздеріне қазақ жолсерік тапқан. Жолсерік оларға бұдан бұрын В.И. Маевский мен американдық Д. Кеннанмен бірге осы үңгірге барғанын айтты. Сонымен қатар, олар жолсеріктің әйгілі американдықтың түрі емес, оны ертіп келген уездік бастық Маевскийдің тұлғалы және айбарлы бет-әлпеті мен керемет жарқ-жұрқ еткен әскери формасы және мүлдем түсініксіз тілде сөйлегені өзіне үлкен әсер қалдырғаны туралы әңгімесін тыңдауға мәжбүр болды.

    Осы уақытта олар қасқыр іңіне ұқсайтын үңгір аузына жетті. Толықтау келген Миша, бірінші болып өтіп кетті, оның артынан Костя мен Джордж кірді. Бұл негізгі үңгірден бірнеше рет тармақталып бөлінген ежелгі тау-кен өндірісі болып шықты. Зерттеушілер екіге бөлінді, жолсеріктің айтуынша мұнда екі жол бар. Әрі қарай Гребенщиков былай деп жазады: «Михаил мен Константин жолсерікпен бірге таудың арғы жағына шықты. Олардың көңіл-күйі көтеріңкі еді, өйткені, олар алтын кенішін тауып алғанына сенімді болды. … Бір уақытта бір топ аттылар пайда болды, олардың арасында Томск технологиялық институтының ең танымал профессорларының бірі геолог Обручевтің сақалды бейнесі ерекше көзге түсті. Обручев батыл зерттеушілерге ежелгі үңгірді егжей-тегжейлі сипаттағаны үшін өз алғысын білдірді». Және бірден «алтын іздеушілердің» көңіліне су сепкендей,  қолдарындағы кварцта алтын емес, тек қалайының бөлшектері ғана бар екенін мәлімдеді. Гребенщиков үңгірден таяқ тауып алды. Жолсеріктің қуанышында шек болмады – бұл оның сүйікті, әрі ол үшін өте қымбат таяғы еді, ол оны қайда жоғалтқанын білмеген болатын. Майевскиймен және Д. Кеннанмен бірге бұрынғы сапарында жоғалтып алғаны анықталды.

    1914 жылы белгілі этнограф және жазушы А.С. Новоселов Большенарым ауылына мұғалім болып келді. Жазушының әдеті бойынша ол саяхат жазбаларын жазды, онда ол үңгірлер туралы да атап өтті. Жолдың сол жағында, Большенарымнан 2-3 шақырым жерде оған таулардың екі шағын тобы көзге түсті. Кейінірек ол олардың Каменюха және Шиши деп аталатынын білді. Таулардың екеуі де өте таңқаларлық пішінді өткір, жартасты жоталар болды. Олардың беткейлері алып гранит тастармен толтырылған, бұл тастар бір-бірімен үйлесе келе үңгірлер құраған. Бұл үңгірлерге байланысты көптеген жергілікті аңыздар бар, яғни, бұл үңгірлерде қытайлар, қазақтар және аңыздық «чудь» халқы жасырған қазына туралы айтылады. Аңыздар күннен күнге жаңа мәліметтермен толығып, батылы жеткендер сол жерлерде қазба жұмыстарын жүргізді. Ешкімге алтын қазына кездескен жоқ, бірақ үңгірлерден мыс және темір қазандықтар, түрлі қару-жарақ, ұсақ тұрмыстық заттар табылды. Даладағы көптеген үңгірлерде жазулар бар деп айтылды. Өкінішке орай, оларды ешкім оқи алмады, ал олар болса, қазынаның қайда жатқанын айтқан болса керек.

    Жергілікті шопандардың айтуынша,  Каменюхада көптеген жазулары мен сызбалары бар үңгір бар. Бұл үңгір өте үлкен екендігімен де ерекшеленеді, оған ондаған жылқы сыйып кетеді. Бұған дейін бұл үңгірді жылқы ұрылары қолданған. Айта кету керек, бұл аймақта археологтар біздің эрамызға дейінгі І мыңжылдықтағы қызыл охрамен жасалған суреттері бар үңгірлерді тапты. Көктерек ауылындағы үңгірлердің бірінен біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ – VІІ ғғ.жататын қола қазандық табылды, ол 1950 жылы тарихи-өлкетану мұражайының экспонатына айналды.

    1928 жылы Өскемен аумағында А.А. Адрианов жұмыс істеді. Оның негізгі зерттеу нысаны Аблайкит — друнгар ламаистік монастыры болды. Жергілікті тұрғындардан сұрастырып, ол Аблайкит монастырының қазыналары жасырылған Бау-Куус үңгірі туралы аңызды жазып алды. Аңыз бойынша, үңгір тауға терең еніп, оның іші тастай қараңғы болды. Қабырғалардың бірінде қапсырмасы бар тас есік бекінген мыс, ал бұл есіктің артында қалмақтың (жоңғарларды халық солай атаған) қазынасы жасырылған деседі.

    Ленинка ауылының мұғалімі М.Н. Посековтың кеңесі бойынша Адрианов үңгірге барған ағаш кесушіні тауып алады. Оның нұсқауы бойынша бекіністен шамамен үш шақырым жерде олар таудың етегіне жақындап, тік беткеймен беттей отырып, үңгірдің орналасқан жеріне барған екен. Бірақ, өкінішке орай, үңгірдің орнына олар бір-біріне төгілген үлкен гранит бөлшектерінің үйіндісін тапты. Шынымен, сол жақ бұрышта тегіс төртбұрышты қабырғасы бар ойық болды, бірақ ойыққа кіргеннен кейін  ары қарай жүруге жол болмады. Адриановдтың іздегені, әрине, қазына да емес, жергілікті тұрғындар айтқан ыдыс-аяқ қалдықтары да емес еді. Ол тас дәуірінде үңгірлерде өмір сүрген ежелгі адамның өмір сүру іздерін таппақ болған. Таудан түсіп, олар тау етегінде бидай тазалаған казактардан қазына жасырынған үңгірдің басқа жерде екенін білді. Оларды тыңдап, зерттеушілер зор қиындықпен қайтадан басқа тауға тауға көтерілді. Олар сол таудың бүкіл беткейін зерттеді, гранит бөлшектерінен тұратын тағы бірнеше үйінділерді тапты, бірақ үңгір табылған жоқ еді. Қазына жасырынған үңгірді табу әрекетін талдап зерделегеннен кейін, Адриановтың командасы мұның бәрі жергілікті халықтың тек қиялы ғана деп шешті. А.А. Адрианов одан әрі Тарғын өзенінің аңғарына қарай беттеді. Оның назары Канкай тауына аударылды. Жергілікті тұрғындардан олар таудың аты үңгірде өмір сүрген қалмақ батыры Канкайға байланысты қойылған деген аңызды естіді. Олар өзен бойымен келе жатқан жолдан таудың жоғарғы жағында үңгірдің кіреберісіне ұқсас ойықты көреді. Ұзақ ойланбастан, зерттеушілер бұл ойыққа жетуге тырысады. Олар таудың басына көтеріліп, қиыршық тас үстімен ойыққа қарай төмен түсті. Алайда, ойық табылмады! Төменге түсіп, олар өз қатесін түсінді, таудың басқа жағымен түсу керек болған еді. Алайда, ешкімнің қайтадан төмен түсуге батылы бармады.

    Сонымен қатар, тағы бір дерек қызығушылық тудырады: біз, мұражай қызметкерлері, 1987 жылы осы үңгірде жерленген қалмақ батыры Канкай туралы жергілікті Амангелді тұрғынынан дәл осындай аңызды естідік. Иә, А. Адриановтың үңгірлерге жасаған экспедициясы сәтсіз болды, бірақ олар археологтар ретінде көп жетістікке қол жеткізді – олар қола дәуіріндегі тау-кен қазбаларын тауып, зерттеді. Күзембаевтың қыстауында, Сарышоқы тауының басында, олар шұңқыр тауып алды, оның түбінде таудың тереңіне бойлаған үңгір орналасты. Үңгірге кіру жолы төмен болды, алдымен олар бүгіліп жүрді, бірақ содан кейін 10-12 метр жолды тігінен тұрып өтті, одан кейін өту жолы төмен болғаны соншалықты, олар тек еңбектеп жүре алды. Үңгір кварц кені бойынша игерілген болып шықты, төбесі мен қабырғалары қатты кварцпен жабылған.  Бұл қалайы немесе мүмкін алтын кенінің өндірісі болды деп болжауға болады.

    Өте жақын жерде таудың баурайында тағы бір үңгір табылды. Ол көлемі бойынша үлкен емес болып шықты — үш метрден кейін ол қабырғаға тірелді. Артқы сол жақ бұрышта тау жыныстарының жотасында 18 сантиметр тереңдікке тігінен жасалған және диаметрі стеарин шамындай тесік табылды. Алайда, өз жазбаларында  Адрианов тек тас үйінділерін ғана атап өтіп, үңгір айналасында табылған олжалар туралы жазбаған. Табылған  тау-кен құралдары, мысалы, осы кен өндірісінің мерзімін анықтауға, олардың ежелгі екенін белгілеуге көмектесер еді. Дегенмен, қазіргі уақытта қола дәуірін зерттейтін археологтар бұл ежелгі кен өндірісін назардан тыс қалдырған жоқ. Оларды бірлескен қазақ-герман экспедициясы зерттеді, экспедицияның жұмысына мұражай қызметкерлері де қатысты. Бұл, шын мәнінде, қола дәуірінде қалайы кені өндірісінің қазбалары болып шықты. Археологтар үйінділерден тау-кен жұмыстарының тас құралдарын, қыш ыдыстардың сынықтарын тапты.

    Мұражай қорында «Баяндау хат» атауы бар маңызды құжат сақталуда. Оны 1952 жылы Большенарым ауданы Жұлдыз ауылының орта мектебінің оқытушысы Мусин Михаил Александрович жіберді. Онда ол Нарым жотасының тауларындағы бір қазынаның тарихы туралы егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл оқиға 1912 жылы  Нагуманов ауылының белгілі бір тұрғыны Шамчитдин Қытайдың Үрімші қаласындағы туыстарына барған кезде басталды. Онда ол Нарым жотасының жанындағы Үркор қаласынан шыққан туыстарының көршісі жүз жасар қытай қартпен кездесті. Жерлесінің жанында қоныстанған қария оған туыстары баяғыда қалдырған орасан зор байлығы бар қазына туралы айтып берді, оның орналасқан жерін дәл және егжей-тегжейлі сипаттады. Нагуманов аулындағы үйіне оралып, Шамчитдин ауыл тұрғыны Г. Сүлейменовті серік етіп алып, қытай қарияның қазынасын іздеуге аттанды. Олар бұл жерді үлкен қиындықпен тапты, бұл жер қытайлық қарттың сипаттамасына толық сәйкес келді. Биік тау, қиыр жартас, жартастың етегінен 20-25 метр биіктікте тас тақтайшамен жабылған 1,5 м-ден 1 м-ге дейінгі ойық табылды, ойықтың кіреберісінде кішкене жиек болды. Жартастың етегінде шіріген баспалдақтар жатты. Бір кезде бұл баспалдақтар жартастың жоғарғы жағына бекітіліп, үңгірдің кіреберісіне жоғарыдан төмен қарай түсірілетін. Үңгірге баруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды, өйткені мұндай биіктікке көтерілу үшін күш те және тиісті  құрал да болған жоқ еді. Бірақ, бұл сапар соңғы болса керек. Шамчитдин көп ұзамай қайтыс болады, оның серігі қазынаны тауып алуға тырысады, бірақ ол үңгірге кіру есігін таба алмайды. Ал баяндау хаттың мәні мынада: 1952 жылы М.Сафиуллин Свинчаткада тұрды, оған Г. Сүлейменов қытай қарияның қазынасы туралы айтып берген. Бір жазда, революция қарсаңында, жайлаудан оралған кезде Сафиуллин бұл үңгірді тауып алады. Діни адам бола отырып, ол зұлым рухтар сол жерде қоныстанды деп санайды, сол себептен ол бұл үңгірге ешкімнің кіруіне жол жоқ деп есептейді.

    М.А. Мусиннің ойынша бұл аңыздар шындық болып табылады, өйткені бұл оқиғаны оған оның әкесі Нагуманов ауылының тумасы А.Г. Мусин айтқан болатын. Бұл қытай қарияның қазынасы туралы қарт адамдар да білген болатын, бірақ олар бұл қазына туралы тіс жарғысы келмей, тек оны ежелгі заманнан бері зұлым рухтар  қорғап келе жатқаны туралы ғана айтты.

    Сол ауданда, Нарым тауларындағы Өскемен алтын кені өнеркәсібінің көптен бері адам аяғы баспаған  шахтасы жергілікті тұрғындардың қиялын оятты. Ең батыл дегендер қолдарына шам ұстап, сол жерге түсіп, бүйірлік үңгір жеріне жетіп, үлкен құлып ілулі тұрған есікке келіп тірелген.  Бұл есіктің жанында адамдардың қолындағы барлық шамдар бір мезетте кенеттен сөніп қалған екен. Қазына іздеушілер есіктің артында қазынаның жасырылғанына сенімді болды, бірақ олар осы қазынаны қорғайтын зұлым рухтардың  бар екеніне де көз жеткізді. Бұдан кейін ол шахтаға ешкімнің кіруге батылы бармады. Ал, қазына туралы аңыз әлі де ел ауызында.

    Басқа аңыздар да әлі күнге дейін ел аузында, олар әр ауданда, әр таулы аймақта бар.

    Бәлкім, қазына біреуге бұйрар ма екен, кім біледі!?

    Г.А. Кущ

    Бөлісу/Поделиться: