2023 жылдың 5-15 шілде аралығында ҒЖБМ ҒК Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты мен Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесіп Бестерек ғылыми археологиялық базысында және ШҚО, Ұлан ауданы, Ақбауыр археологиялық кешенінде жас ғалымдарға арналған халықаралық жазғы далалық археологиялық мектеп ұйымдастырды.
Жазғы далалық мектепке Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана), М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті (Петропавл), мемлекеттік тарихи-мәдени «Сарайшық» музей-қорығы (Атырау) және Өзбекстан Республикасы ғылым академиясы археология ұлттық орталығы (Ташкенет) студенттері, магистранттары, жас мамандары қатысты.
Мектеп қатысушыларына Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғалым-мамандары Рамазан Жанұзақ (физикалық антропология), Мәмбет Шағырбаев (палеозоология), Сәуле Рахимжанова (керамика зерттеуші маман) және облыстық тарих-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Андрей Пушкарев (геоархеология) дәрістер өтті. Дәріскерлер далалық жұмыстар жүргізудегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, археология саласының әдістері мен негіздеріне арналған сабақтар өткізді.
Далалық мектеп барысында қатысушылар теориялық негіздермен танысумен қатар, алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып та үйренді. Осылайша, қатысушылар қаңқа қалдықтарының жынысы мен жас белгілерін өз бетінше анықтады, жануарлардың түр құрамын, жасы мен сою маусымын анықтады, QGIS платформасында Ақбауыр қорымының археологиялық карталары мен топографиялық жоспарын жасады, сазды қамыр дайындап, соның негізінде қыш ыдыстар жасап көрді.
Дала мектебінің соңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашев «Қаған бейнесін дереккөз ету мәселесі» тақырыбында дәріс оқыды.
Бұл Халықаралық археологиялық дала мектебі археология институтының заманауи зерттеу әдістерін кеңінен қолдана отырып, жас мамандардың археологиялық ескерткіштерді кешенді зерттеу әдістерін тәжірибелік түрде дамытуға бағытталған ғылыми білім беру курсын ұйымдастырудағы алғашқы тәжірибесі болып табылады.
Мектепке қатысушылар бұл мектептің жоғары ғылыми және практикалық маңыздылығын атап өтті. Жас ғалымдар бұл жобаның одан әрі дамуына тілектестік білдіріп, оны тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-танымдық курсқа айналдыру қажеттігі туралы пікірлерімен бөлісті.