Ұлы дала алтыны экспозициясы
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің 2015 жылғы 29 шілдедегі № 1/321 өкімін орындау мақсатында өңірде «Шығыс Қазақстан облысында археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың 2016-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» іске асырылды.
Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстанның тарихи өткенін қалпына келтіру үшін өңірдің маңызды археологиялық ескерткіштерін зерттеу, тарихи туризм үшін нысандарды сақтау, қайта құру және пайдалану.
Облыстың археология ескерткіштерін зерттеу еліміздің жетекші археологтары З.Самашев, А.Төлеубаевтың басшылығымен екі жоба бойынша жүргізіледі.
З.Самашев – «Алтай-Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырларға дейін».
А.Төлеубаев – «Шілікті алқабы мен Тарбағатай баурайының ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері».
Зерттеу жұмыстарына Ресей, Түркия, Франция, Әзірбайжан және Чехия археологтары, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет студенттері, геодезия және картография колледжінің студенттері, Семей қаласындағы «Жас Ұлан» лицейінің оқушылары қатысты.
2019-2020 жылдары Елеке Сазы қорымында З. Самашев және Ә. Төлеубаевтың жетекшілігімен элиталық патша қорғандары мен түркі заманына жататын храмдық кешенді қазу жұмыстарын жүргізді.
2019 жылы З. Самашевтың жетекшілігімен археологтар жерлеу орнынан алтын бұйымдардың көмбесін тапты. Патша қорғанынан киіз қалташаға салынған шамамен б.д.д. VIII ғасырға тән үлкен бір жұмырға бірігіп қалған қола, алтын, темірден жасалған артефактілер тіркелді. Бұл монолитті тазартқаннан кейін сирек кездесетін сұлулық пен пішіндегі архар, барс, грифондардың бірегей құйылған алтын фигуралары анықталды. Еуразиялық кеңістікте алғаш рет мүйізі ең жұқа, бірнеше рет өрілген алтын сымнан жасалған алтын бұғының ғұрыптық мүсіні табылды. Табылған олжалардың арасында жапырақты алтын жасау үшін пайдаланылатын ең жоғары сынамалы алтыннан жасалған құймалар мен мүсіндер бар. Олардан киім-кешек пен қару-жарақ бұйымдары үшін әшекейлер жасалған. Зайнолла Самашевтың айтуынша, Патша қорғанынан табылған бұйымдар ерте сақ қоғамы элитасының мәртебесі мен дүниетанымдық деңгейін көрсетеді.
Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен Шілікті-Тарбағатай археологиялық ескерткіші 2019 жылдың далалық маусымында 1 үлкен, 11 шағын қорғандар зерттелген Елеке сазы-2 қорымында қазба жұмыстарын жүргізді. № 51 үлкен қорған (б.д.д. VIII-VII ғғ.) Тарбағатай баурайындағы ерте сақ қоғамы билеушілерінің біріне тиесілі болған. Ескерткіштің сәулеті, ішкі конструктивтік ерекшеліктері (тас-топырақ қабірі, ағаш жабыны), табылған артефактілер (алтын ұсақ моншақтар, құс түріндегі айылбас, жебе ұштары) оны Шілікті алқабындағы осыған ұқсас қорғандарымен жақындастырады.
2020 жылы археологтар Ә.Төлеубаевтың жетекшілігімен Елеке Сазы-4 қорымының қоршауынан жаңа, көп бұйымнан тұратын қазына тапты. Ғалым бұл олжаны бағынышты тектік-тайпалық бірлестіктердің билеушісіне арналған жерлеу-еске алу қазынасы деп атады. Алтын бұйымдардың жалпы саны 830 бірлік. Киім және ат әбзелдерінің әшекейлері жануарлардың – барс, бұғы, мысық тұқымды жыртқыш, тау теке, құс фигураларымен көрсетілген. Ірі үзбелерден жасалған шынжыр түріндегі мойынға тағатын әшекей ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Олжалар алдын ала болжам бойынша б.д.д. V-IV ғғ. жататын Алтай-Тарбағатай өңірі сақтары өнерінің ерекше құнды ескерткіштері болып табылады.
З. Самашевтың жетекшілігімен 2019-2020 жылдары Ақбауыр үңгірінің жанындағы «ғибадат алаңы» бойынша кең ауқымды зерттеулер жүргізілді. Қазба жұмыстары барысында біздің дәуірге дейінгі XI-IX ғғ. бұл алаң қола дәуірінің соңғы кезеңі мен ерте темір дәуірінің қоныстары болғаны анықталды. Табылған олжалар өңірдің ерте сақтарының отырықшылық өмір салтын ұстанғанын, оларда егіншілік, мал шаруашылығы, металлургия, қолөнер өндірісі дамығанын айғақтайды. Соңғы дерек ерекше қызығушылық тудырады, өйткені Қазақстан аумағында сақтардың отырықшы қоныстары өте аз зерттелген, ал елдің шығысында алғаш рет тіркеліп отыр.
2019 жылы З. Самашевтің жетекшілігімен түрлі бейіндегі мамандар (антропологтар, ежелгі қару-жарақ мамандары, киім-кешек мамандары) Елеке сазы қорымынан №4 қорғаннан табылған «Алтын адамның» жаңғыртпасын жасады. Сондай-ақ, облыстық музейлерге экспозициялау үшін Шілікті қорымының № 1 қорғанынан табылған «Алтын адам» және «Үржар ханшайы» жаңғыртпалары алынды. 2020 жылы № 5 Берел қорғанынан күрделі бас киіммен әйел адамның салтанатты костюмі жасалды. Осы жылдар ішінде ауқымды жұмыс атқарылды, нәтижелері бүкіл еуразиялық кеңістіктегі ғылыми қоғамдастықтарда бірден мойындалды.
Қола дәуірінен бастап ерте орта ғасырларға дейінгі ежелгі және дәстүрлі өнердің жауһарлары музейдің «Ұлы дала алтыны» экспозициясында ұсынылған.
Экспозицияның алғашқы халықаралық көрмесі Мәскеуде өтті. «Ұлы дала алтыны» көрмесі Мемлекеттік Орталық Ресей тарихы музейінде 2019 жылдың 5-24 наурыз аралығында өтті. Осы уақыт аралығында көрменіе 6 760 адам тамашалады.
2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы қаңтарға дейін «Ұлы дала алтыны» көрмесі Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Кембридж Университетінің Fitzwilliam музейіне қойылды. Көрмеге 20 мыңнан астам адам келді. Apollo халықаралық беделді өнер журналының рейтингі бойынша 2021 жылғы әлемнің үздік бес көрмесі анықтаталып, олардың қатарына — «Ұлы дала алтыны» көрмесі де кірді.
2023 жылғы 7 маусымнан бастап «Казанский Кремль» музей-қорығының көрме залдарында Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің коллекциясынан «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды. Жобаның негізгі мақсаты — ежелгі көшпенділер өнерінің артефактілері негізінде Қазақстанның тарихи өткенінің ұлы және орасан зор әлеуетін көрсету. Ұйымдастырушылардың өтініші бойынша, қоғамдастықтың үлкен қызығушылығына байланысты көрме шілде айының соңына дейін ұзартылды. Оған 25 мыңға жуық адам келді. Көрменің өту барысын мына жерден көруге болады.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында және Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Түркі тарих және мәдениет қорының шақыруымен 2023 жылғы 15 желтоқсанда Анкара қаласындағы Анатолиялық өркениеттер музейінде «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылуы өтті. Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұл көрмесінде Берел, Елеке сазы, Қарақаба қорымдары сияқты археологиялық ескерткіштердің бірегей артефактілері ұсынылған. Көшпенділер дәуірінің жауһарлары өркениеттің ең жоғары даму деңгейін, өткен ғасырлар зергерлерінің тамаша шеберлігін білдіреді.
Көрменің тұсаукесеріне Түркия Республикасының Мәдениет және туризм вице-министрі Гёкхан Весый, Түркия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшісі Е.О. Сапиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Д.Б. Сапанов қатысты. Көрменің өту барысын мына жерден көруге болады.