Skip to content
Басты бет » Күшбірліктен шыққан мемлекет қайраткері — Жұмажан Тәттібаев

Күшбірліктен шыққан мемлекет қайраткері — Жұмажан Тәттібаев

    Жұмажан Тәттібаиұлы 1902 жылы Семей губерниясы, Өскемен үезі, Сібе болысының (Қазіргі Ұлан ауданы) Бәитеке ауылында туған, руы бұлғақ. Алғашында ауыл мектебінде білім алып, кеиін 15 жасынан Семей қаласына кәсіпорынға жұмысқа кіріп, білімін жалғастырған. 1918 жылы Россия коммунистік жастар одағына мүшелікке өтіп жас жұмысшылар арасында бұқаралық саяси жұмыстар жүргізуге белсене араласады.

    Губерниядағы коммунистік жастар одағының бірінші конференциясын өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болады. Бұдан кеиін Семей губерниясындағы коммунистік жастар одағының бастауыш және болыстық, уездік ұйымдарында жауапты қызметтер атқарады. 1920 жылы партия қатарына өтіп,төтенше комиссиясының қарамағына жіберіледі. 1921 жылы Москвада Бүкіл Россиялық төтенше комиссиясының курсында оқиды.

    1921-1923 жылдары Семей губкомының нұсқаушысы. Қазақстандағы Лениндік шақыру кезінде Екібастұзда партия ұясының секретары, одан соң РК(б)П Қарқаралы укомының секретары,1924-1925 жылдары Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып қызметтер атқарады.

    Қызы Эльвира Жұмажанқызының естеліктерінде сол Семей қаласында тұрғанда әкесі Жұмажан мен шешесі Анвар Аюпова танысып тұрмыс құруға сөз байласады, молда әкесінің «чекиске» тұрмысқа шықпайсың деген қарсылығына қарамай екеуі қосылып Семейден бірге кетуге мәжбүр болады.

    1926 жылы БК(б)П ОК жолдамасымен Ярославльге тәжірибе алуға жіберіледі. Онда БК(б)П Ярославль губкомында нұсқаушы болады.1927-1934 жылдары БК(б)П Петропавл укомының секретары, Өлкелік комитеттің нұсқаушысы, БК(б)П Қостанай округтік комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меігерушісі, Қостанай округтік атқару комитетінің, Шымкент округтік атқару комитетінің Председателі, Өлкелік Бақылау комиссиясы мен Жұмысшы-шаруа инспекциясы президиумының Председателінің орынбасары болып қызмет атқарады.

    1934-1937 жылдары «Главцветмет» Зырян комбинатының директоры болады. Тәттібаев Бүкіл Росия Советтерінің 11съезі мен КСРО Советтерінің 2-съезінің делегатығына сайланады.

    Қай салада қызмет істеп жүрсе де Ж.Тәттібаев талапшыл, әділ азамат екенін дәлелдей білген. Қазақтарды колхоздарға зорлықпен кіргізіп, малын тартып алу фактілері болған жағдайларда, қарапайым халыққа қарсы озбырлық әрекеттер жасалғанда ашық қарсылық білдіріп арашаға түскен.

     Ұлттық хауіпсіздік комитетінің деректері бойынша 1937 жылдың 16 қыркүиегінде Алтай полиметал комбинаты Зырян Кенбасқармасының басшысы болып жүргенде «халық жауы» деген желеумен ұсталып қамауға алынады.1958 жылдың 5 наурызында ССРО ның Жоғарғы сотының Әскери коллегиясының шешімімен сотталды.  

    Қызы Эльвира Жұмажанқызының естелігі бойынша 1937 жылы Зырян кен басқармасының басшысы болып тұрған кезінде әкем шабаданын жинап, Мәскеудегі өнеркәсіп академиясына оқуға жиналып жатқанда түнде үш адам келіп, әкемді тұтқындаған, әкем ол кезде небары 35 жаста. Анам да білімді, қоғамдық жұмыстармен айналысқан адам болған. Екеуі бірге Мәскеуге оқуға кетпекші болып жүрген екен. Тұтқындауға әкетіп бара жатқанда әкемнің анама айтқан соңғы сөзі «баланы сақта» болыпты, яғни мені. Әкемді алып кеткеннен кейін атып тастаған, мәйіттерді Жаңалықтағы (қуғын-сүргін құрбандары жерленген Алматы облысындағы ауыл) далаға тастағандығын кейін малшы болып жүрген адам баяндаған екен.

    Анамның және Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің жұбайлары айтқан әңгімелерге қарағанда, әкем өте қарапайым, қайсар және қайырымды адам болыпты. Қанша жерде басшылық қызметте болса да мінезі өзгермеген. Мысалы, анамның айтуы бойынша, 1930-1931 жылдар қазақ отбасылары үшін өте қиын кезең болған, адамдар отбасыларымен қырылған. Тап сол кезде Сәтбаевтың үлкен жанұясы да көмекке мұқтаж болып, әкем жас инженерге қол ұшын созып, шаңырағын бөліскен екен. 

    Өзге де қуғындалғандардың әйелдері сияқты менің анамды да лагерьге аттандырған. Алайда жүкті екенін байқап, қаладан шығу құқығынсыз Семейге қоныстануға рұқсат берді және Крупская атындағы фабрикаға апарған. Әкемді атқаннан кейін 11 күн өткенде мен өмірге келіппін.

    Фабрикада анам киім тіккен, мен үнемі күпәйкенің үстінде отырады екенмін. Анамның айтуынша, мен туғанда орайтын жөргек болмай, маталардың қиығына орапты. Сол жерде қызылшамен ауырыппын. Анам қолында қалған жалғыз неке жүзігін шешіп, бақылаушыдан мені ауруханаға апаруға рұқсат сұрапты, бірақ рұқсат берілмей, сол аурудың кесірінен құлағым естімей қалған. Кейін мектепке барғанда оқу құралдарымды матаға түйіп жүрдім, ал аяқ киімді анам шүберектерден тігіп беретін.

    Ал, әкемнің атылғанын ол кезде ешкім білген жоқ, анамның қолында әкемнің 1943 жылы майданда қайтыс болғаны туралы құжат қана болды. Кейін мұрағаттың бәрі ашылғанда әкемнің атылғанын білдік.

    Отаншыл ісіне адал мемлекет қайраткері Жұмажан Тәттібаев 1957 жылдың 6 ақпанында  ССРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясы шешімімен кінасыз деп танылып толық ақталды.

     Сәкен Ғайса

     Бестерек

    Бөлісу/Поделиться: