» width=»865″ height=»406″ />
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, «Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды».
Расында, көк түріктің тарихы осы Алтайдан таралады. Алтай – тұтас түрік халықтарының қара шаңырағы, алтын бесігі іспеттес. Қытай деректеріне сүйенсек, «Суйшу» кітабының 84-бумасы «Туцзюе баянында»: «Олар(түріктер) ұрпақтан-ұрпаққа Цзиньшанда(Алтын тау, яғни Алтай) тұрып, теміршілікпен шұғылданып келді. Цзиньшан сырттай қарағанда доумоуға(дулығаға) ұқсайды, сондықтан олар өздерін «туцзюе» деп атаған»(Ошан Ж. Еженханұлы Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. ІҮ том. Әулеттік тарихи жылнамалар 2-бөлім – Алматы, 2006 – 65 б.) Бұндай дерек «Чжоушу» кітабының 50-цзюань, «Туцзюэ» баянында да расталады. Түріктің Гаочан мемлекетінің солтүстігіндегі тау үңігірінде қасқырдан тарағанын айта келе: «…осылайша бірнеше ұрпақтан кейін олар бірінен соң бірі әлгі үңгірден шығып, жужуларға(жужандар) бағынып, Цзиньшан тауының күнгей жағын мекендеп, жужулардың теміршісі болады. Цзиньшан тауы дулығаға ұқсайды, олар дулығаны «туцзюе» дейді, сондықтан олар өздерін де «туцзюе» деп атайды» делінген (Ошан Ж. Еженханұлы Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. ІҮ том. Әулеттік тарихи жылнамалар 2-бөлім – Алматы, 2006 – 125 б.) Бұл түрік пен Алтайдың егіз ұғым болғанын, осы аймақтан тамыр алатынын көрсетсе, екіншіден көне түріктің металл өңдеумен айналысқандығын тағы да дәлелдей түседі.
Шығыс Қазақстан мен тұтас еліміздің тарихи мұрасын зерттеп-зерделеуде бірқатар маңызды бағдарламалар қабылданды, ғылыми-зерттеу орталықтары ашылды. 2004 жылы мемлекеттің қолдауымен «Мәдени мұра» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның «тарих және археология ескерткіштерін жүйелендіру, сақтау және қалпына келтіру» бағыты бойынша еліміздегі ескерткіштердің масштабты инвентаризациясы өткізіліп, республикалық (218 объект) және жергілікті (11 277 объект) маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің толық тізімі жасалды.
«Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 6 қарашадағы №1016 қаулысы қабылданды. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінгі күні мемлекеттік мұражайларда екі миллионнан астам мәдени құндылықтар сақталуда. Салалық бағдарламаны іске асыруға 2007-2008 жылдары мемлекеттік бюджеттен 3,2 миллиардқа жуық теңге бөлінді.
«Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы бойынша араб, парсы, қытай және т.б алыс-жақын мұрағаттардағы Қазақстанның арғы-бергі тарихы турасындағы деректер аударылып, қайта басылып шықты. Қазіргі Шығыс Қазақстан территориясындағы табылған патша қорғандары мен тарихи жәдігерлер сақ, үйсін, түрік кезеңіндегі халықтың осы аумақта тіршілік құрып, көшпелі және отырықшы шаруашылықпен айналысқандығын, мемлекеттік дәстүрлерінің қалыптаса бастағандығын көрсетеді. 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша Қазақстандағы қасиетті-тарихи орындардың толық тізімі жасалды. Аталған тізімге Шығыс Қазақстан аумағындағы бірқатар маңызды мұралар енгізілді. Оның ішінде:
1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері
Ақтас тауындағы Қоңыр Әулие үңгірі – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.
-Мұзтау – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.
-Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы.
-Берел, Шілікті тарихи-археологиялық кешендері – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай және Зайсан аудандары.
2. Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар
-Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесі – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы.
-Ырғызбай ата кесенесі – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.
3. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар
-Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батырлардың кесенелері: Ер Жәнібек Бердәулетұлы – Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы.
-Абайдың «Жибедай-Бөрілі» тарихи-мәдени кешені – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.
-Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы.
4. Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар
-Семейдегі Алаш арыстары үйі – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы.
-Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы.
Көп жылдар археолог-ғалымдардың табанды еңбегімен жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Шілікті қорғаны, Берел мен Ақсуат қорғандары, «Елеке сазы 1» , «Елеке сазы 2» қорғандары, Қырықүңгір, Қырық оба, Майемер қорымы және т.б тарихи орындар мен құнды жәдігерлер ашылып, отандық тарих үлкен олжаға кенелді. Ал, 2019 жылдың өзі Шығыс Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстарының жетістіктерімен ерекшеленуде. Атап айтқанда:
Биыл ШҚО Ұлан ауданындағы Ақбауыр шатқалында соңғы қола және ерте темір дәуіріндегі сақтардың қоныс қалдықтары табылды. Жұмыс жетекшісі, профессор З.Самашев айтқандай «Бұл жағдай ежелгі сақ халықтарының экономикасы мен қоғамдық құрылымын жаңаша зерделеу тәсілдерін ашады. Ежелгі дала көшпенділерінің тек көшпенді салт-ғұрпы жайындағы пікір әрдайым басым болатын. «Ақбауыр-1» елді мекеніндегі табылған дәнүккіштердің, ою-өрнексіз керамикалардың, қайрақ тастардың, жылқы, қой, ешкі сүйектері адамдар шаруашылығының кешенді сипатын білдіреді. Бұл ескерткіштің шамамен уақыты б.з.д. XI — IX ғғ».
ШҚО Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы қорғанынан құнды алтын бұйымдар табылды, жалпы саны 300-ге жуық қорған анықталған. Диаметрі 90 метрден асатын ең үлкен «Патша» қорғанының жерлеу орнындағы киіз қаптың ішінен шамамен б.з.д. 8 ғасырға жататын алтын, қола және темір бұйымдары табылып отыр. Жәдігерлер арасында Еуразия кеңістігінде тұңғыш кездесетін мүйізді алтын бұғы мүсіні осы образдың күн құдайы дәрежесіне дейін көтерілуі туралы айқын мағлұмат береді. З. Самашевтың айтуынша, мұндағы артефактілер б.з.д VIII-VII ғасырға жатады.
Аталған қазба жұмыстары ШҚО әкімдігі қабылдаған Археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен З.Самашев, Ә.Төлеубаев, Е.Оралбай, Ұ.Үмітқалиев сынды белгілі археолог-ғалымдар жетекшілік етіп, Ә.Марғұлан атындағы археология институты, ҚР МСМ ұлттық зерттеу институты, ҚР Ұлттық Музейі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Шәкәрім атындағы мемлекеттік униерситеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі және шет елдік ғалымдар да үлес қосуда. ШҚО бойынша кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар және өзге де мәдени мекемелердің қызметтері 2017 жылы 3 687 646,6 теңге болса, 2018 жылы 4 241 331,4 теңгеге жетіп, алдыңғы жылдың 109,2 пайызын құраған. Облыстың тарихи-өлкетанулық үгіт-насихатына үлес қосып жатқан мұражайлардың саны, жәдігер, оны көруге келген адамдардың көрсеткіші туралы төмендегі кестеден аңғаруға болады.
Сонымен қоса, ШҚО әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпованың хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында 2020 жылы Ұлы Абайдың 175-жылдығын лайықты атап өту бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, Абайдың құрметіне облыста 106 көше, 15 мектеп, 1 аудан, 1 кітапхана, 1 театр, 1 музей, 1 қоғамдық қор аталған. Елдің рухани-мәдени орталығы саналған Семей қаласында «Абай арена» мәдени-спорттық кешені бой көтеруде.
Атаулы күнді атап өтуге облыстық бюджеттен 561 млн.теңге бөлу жоспарланып отыр. ШҚО әкімдігінің ұйытқы болуымен 5-11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі «Абай оқулары» өтіп, жыл сайын 150 өнерпаз бақтарын сынайды. 2013 жылдан бері 9-11 сынып оқушылары «Абайтану» факультативін оқиды. Былтыр «Әдеби Шығыс» жобасы аясында Абай-Шәкәрім мемориалы, Абайдың музей үйі, Күшікбай бұлағы, Еуразия кіндігі, «Еңілік-Кебек» ескерткіші, Невзоровтар отбасы мен Ф.Достоевский музейлеріне оқу-тәжірибелік турлар ұйымдастырылған.
Елбасы өз мақаласында «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын қолға алып, Түркологтардың дүниежүзілік конгресін өткізуді тапсырған еді.ШҚО орталығы Өскемен қаласында жыл сайын «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп келеді. Қазақстан және облыс аумағындағы ғылыми-зерттеудің нәтижелері, жетістіктері мен проблемалары осы алаңда талқыланады.
Осы тұрғыда Өскемен түркітану мен алтайтану мәселелерін зерделеудің ірі ошағына айналу мүмкіндігі бар деп есептейміз. Тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеу мен қалпына келтіру тек тарихи сананы жаңғырту тұрғысынан емес, отандық туризмді дамыту, аймақтардағы инфрақұрылымды жетілдіру, жас ұрпақты отаншылдық пен өлкенің өткеніне үйрету үшін аса маңызды болмақ. Сондықтан өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру, жас волонтерлерді осы жұмысқа жұмылдыру мәселесі өзекті. Деректі құжаттар мен жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізу, цифрландыру, оқу мен зерделеу жағынан жергілікті оқу орындары үлкен үлес қоса алады.
Елімізде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану, осы саладағы қатынастар «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР 1992 жылғы 2 шілдедегі №1488-XII Заңымен реттеледі. Ғалымдар осы заңды уақыт талабы мен сұраныстарына сай толықтырып, қайта бекітуді жиі айтады. Заңсыз археология мен қазба жұмыстарын жүргізу тәртібі тек заң арқылы қатаң қадағалануы тиіс. «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Архив-2025» бағдарламасын құру, Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, тарихтың телевизиядағы көрінісі тапсырмалары әлі күн тәртібінде тұр. Шығыс Қазақстан облысының бай тарихи қоры осы міндетті атқаруға толық мүмкіндік береді.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ
Барлық құқықтар қорғалған. strategy2050.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://strategy2050.kz/news/53554/