Тарихтың тылсым қойнауында үнсіз жатса да, әрбір жәдігер – өз заманының тілсіз шежіресі. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы аумағындағы Елеке Сазы қорымы – сол ежелгі мәдениеттің алтын арқауы іспеттес. Дәл осы жерден табылған ерекше археологиялық артефакт – қоладан құйылған бұралмалы мүйізді жатқан бұғы бейнеленген сәндік жапсырма – ежелгі көшпелілердің дүниетанымын, рухани-мифологиялық жүйесін аңғартады.
Бұғы – көне түркі және сақ-үйсін дәуіріндегі аң стиліндегі өнердің киелі бейнесі. Жатқан күйінде бейнеленген, мүйіздері ирек өрнекпен шебер оюланған бұл бұғы пішіні тек шеберлік туындысы ғана емес, сонымен қатар діни-космогониялық көзқарастың көрінісі. Зерттеушілер бұл образды Көк пен Жердің арасын жалғайтын символ ретінде қарайды – өмір мен өлім, жарық пен қараңғылық шекарасын бейнелейтін ғарыштық жануар.
Бұл жәдігер 2019–2020 жылдары жүргізілген Елеке Сазыдағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған болатын. Археологтар аталмыш қорымды ерте темір дәуіріне, б.з.д. VIII–VII ғғ. жатқызады. Қола жапсырма табылған қабір құрылысы мен оған серік заттар арасындағы сәйкестік бұл артефакттың элиталық қабатқа жататынын дәлелдейді.
Қола жапсырма: тарамдалған мүйізді жатқан бұғы бейнесі. Бұғының басы жоғары көтерілген, көзі мен құлағы айқын бейнеленген. Тұлғасының артқы бөлігінде кішкене құйрық ерекшеленіп көрсетілген. Артқы бетінде екі жартылай дөңгелек ілгек орналасқан. Құю техникасы арқылы жасалған, ұзындығы — 5см, ені, 4,5 см құрайды. Бұл жәдігер металлургиялық жағынан да құнды: ол қола құйма арқылы жасалған, беті тегіс өңделіп, жіңішке детальдарымен нақышталған. Радиографиялық және спектралды талдаулар оның құрамындағы мыс, қалайы мен аз мөлшердегі қорғасын қатынастарын көрсетеді – бұл сақ-скиф металлургия мектебінің бірізділігін айғақтайды.
Сонымен қатар, бұл бұғы бейнесі «аң стиліндегі өнердің» нақты айғағы ретінде ғылыми тұрғыдан маңызды. Қола жапсырма – сәндік белгі ғана емес, ол иесінің мәртебесін, тайпалық немесе әлеуметтік иерархиядағы орнын білдіретін мәдени код. Осындай артефактілерді салыстырмалы талдау арқылы ғалымдар Еуразиялық көшпелілердің мәдени өзара ықпалдастығын, көші-қон бағыттарын және идеологиялық байланыстарын реконструкциялауда.
Жәдігер тек ежелгі дәуірдің тынысын жеткізуші ғана емес, бүгінгі ұрпақ үшін рухани сабақтастықты жалғаушы көпір рөлін атқарады. Бұғы – ежелгі түркі және қазіргі қазақ мифологиясында да киелі жануар ретінде қарастырылады. Бұл – табиғатпен үйлесімділіктің, тектіліктің, тылсым күш пен тәңірлік дəреженің символы.
Бүгінде бұл ерекше тарихи жәдігер Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы Дала алтыны» атты тұрақты экспозициясынан лайықты орнын тапты. Бұл көрме ежелгі даланың өркениеттік деңгейін, рухани дүниетанымын және көркемдік эстетикасын паш ететін бірегей коллекциялармен толықты. Жәдігердің музей экспозициясына енуі – оның ғылыми, тарихи және көркемдік маңызын дәлелдейді.
Экспозициялық көрмемен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Бакбаева Альфия Нұрланқызы