Skip to content
Басты бет » Өнер гүлін жинаған актриса — Әмина Өмірзақова

Өнер гүлін жинаған актриса — Әмина Өмірзақова

    Өмірзақова Әмина Ерғожақызы 1919 жылы 8 наурызда Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келді. Қазақ кино және театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалтырған дарынды актриса. Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан. 1938 жылы Ленинградтағы Мемлекеттік сахна өнері техникумының  қазақ студиясын бітірген. 1938-1940 жылдары Шымкент  облыстық драма театрының актрисасы, 1940-1942 жылдары қазіргі Қазақ Мемлекеттік академия драма театрының труппасында, 1942-1949 жылдары «Қазақфильм» студиясында қызмет атқарды. 1949 жылдан Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының  актрисасы болды. Оның театр сахнасында тұңғыш ойнаған рөлі – М.Әуезовтің «Түнгі сарын» спектакліндегі Мөржан. Бұдан басқа ойнаған басты рөлдері қатарында Баян (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), Луиза (Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Смеральдина (К.Гольдони  «Екі мырзаға бір қызметкер»), Шәуәли (М.Ақынжанов  «Ыбырай Алтынсарин»; Бүкілодақтық балалар және жасөспірімдер театрлары фестивалінің дипломымен марапатталды. 1958 жылы Рәбиға (Ш.Хұсайыновтың «Рәбиға» драмасында), Кенжегүл (І.Мұхамеджанов «Өзіме де сол керек»), Алтынай (Ш.Айтматов «Алғашқы мұғалім»), Гүлжамал (Т.Ахтанов «Күшік күйеу»), Қалампыр шешей (Ш.Уалиханов «Тағдыр»), Глумова (А.Н.Островский «Адам аласы ішінде»), тағы басқа рольдері   өте көп.  Ажар («Абай әні»  1945), Мұғалима («Қанатты сыйлық», 1956), Айша («Бір ауданда», 1960), Ана («Ана туралы аңыз» 1963), Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен байқаудың 1-сыйлығы, 1964); Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, 1966), Тана («Тақиялы періште» 1968; Алматы қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының 8-кино өнері байқауының сыйлығы, 1969), т.б. Отан,  және басқа медальдармен марапатталған.

    Әмина Өмірзақова 1938 жылы Ленинград институтында студент болып жүрген кезден бастап киноға  түсе бастады. Оның алғашқы түскен фильмдері «Комсомольск», «Амангелді», «Алыптың әні», «Ақ раушан». Десе де, оны танымал еткен алғашқы үлкен рөлі — 1945 жылғы «Абай өлеңдері» фильміндегі Ажардың рөлі.  1945-1963 жылдар аралығында «Жамбыл», «Қанатты сый», «Әрі қалжың әрі шын»  фильмдеріне түсіп, атақ–даңқ жинады.

    1964 жылы Анатолий Карповтың «Ана туралы жыр» фильмі экран бетіне шықты. Бұл фильмде Әмина Ерғожақызы  ұлының майданда қаза тапқаны жайлы естірткен, бірақ бар қайғыға төтеп берген ананың рөлін сомдады. Кейіпкер оқу–жазуды білмейді. Майданда болып жатқанның барлығынан хабардар болудың жалғыз тәсілі осы болғандықтан, өз бетімен оқуды үйреніп алады да пошташы болып жұмыс үстейді. Ол бірнеше рет басқа аналарға қайғылы хабар жеткізсе де, оларға сүйеу болып, көмек қолын созады. Фильм көпшіліктің көңілінен шығып, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды, ал Әмина Өмірзақова 1964 жылғы Жалпыкеңестік кинофестивальда «Ең жақсы әйел рөлі» сыйлығын және К.Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды. 1968 жылы Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» комедиялық фильмі жарық көрді. Мұнда Әмина Ерғожақызы «Тана» атты ананың бейнесін сомдады. Бүкіл фильм бойы ол өзінің Тайлақ атты ұлына қалыңдық іздеумен болады. Бұл рөлдің қызығы, актриса едәуір жас болса да, өзінен бірнеше есе үлкен кейіпкерді ойнады. Сондай–ақ, өзге рөлдерінен ерекшелігі — көңілді кейіпкерді сомдауы. Картина бүкіл Кеңес Одағындағы кинотеатрларында көрсетілді. Соның арқасында оны бүкіл ел таныды. «Тақиялы періштеден» соң оншақты фильмдерде түсті. Соның ішіндегі ең ерекшесі «Мама Роза» картинасы. Бұл фильмде ол қара нәсілді баланың өгей анасы бейнесін сомдады. Актрисаның кейіпкері — шейіттей баланың тәрбиесін қолына ойда жоқта алған, жасы келген адам. Ойнаған рөлі үшін «Шоқжұлдыз» кинофестивальінің лауреаты атанды. Бүкіл карьерасында Әмина Өмірзақова көп рөлде ойнады. Десе де, «Ана туралы жыр», «Тақиялы періште», «Жұлдызыңды сақта», «Мама Роза» картиналарында ойнаған ана рөлдері нағыз қазақ анасының бейнесін айқын көрсетті. 1996 жылы ұлының алғашқы фильмі «Аминада» өз–өзін сомдады. «Мені халыққа танытқан кино» — деп өмірін өнерге арнап, бар қиындықты табандылығымен жеңе білген, Әмина Өмірзақованың сахнада сомдаған рөльдері бір төбе, ал кино әлеміндегі образдары өз алдына бөлек әңгіме десе де болады. Бір кездері орыс режиссері Александр Карпов халық әртісінің шеберлігін жоғары бағалап, бүкіл ананың жиынтық образын бір адамның бейнесінде ұсынды. Расымен де, соғыс уақыты қазақ әйелінің болмысын түгелдей өзгертті. Себебі самайы ағарған аналар қайнатып отырған құрты мен күнделікті үйреншікті тіршілігін шетке ысырып, тылға еңбек етуге аттанды. Актриса әртүрлі образы арқылы осы қазақ әйелінің шынайы бейнесін көрсете білді. Соғыс жылдары «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары Алматы қаласына көшіп келіп, елдегі кинолардың 80% осы жерде түсіріледі. Көп ұзамай кино саласының дамып келе жатқанын білген Әмина Өмірзақова монтаждаушы мамандығын меңгеріп, кейін «Қазақфильмнің» мұздай суық студиясында күн-түн демей жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бірде оны шеберханада отырған жерінен танымал режиссер Григорий Рошаль байқап қалады. Режиссер осы кезде «Абай әндері» фильміне басты рөлді сомдайтын кейіпкер іздеп жүрген болатын. Халық әртісінен бөлек басқа да актрисалар бақ сынап көреді. Тізімге он үшінші болып жазылған актриса іштей «Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Табалова сынды сұлу актрисалар тұрғанда маған не жоқ?» деп ойлайды. Тіпті сценарийді жазған Мұхтар Әуезов «Ажарды мұрны пұшық қыз сомдай ма? Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес» — деп қолын сілтейді. Осы кезде режиссер Рошаль сабырмен «Біздің шеберлер кез келген грим жасай алады. Ал сіз оданда оның көзіне қараңызшы! Қаншалықты керемет десеңізші» — деп көндіреді. Түсірілім кезінде Әминаға арнайы зат — гумустан мұрын жасайды. Камера түсірген кезде ғана сөйлеуге рұқсат беріледі. Ал қалған уақытта үнсіз, тіпті, аш жүруге мәжбүр болады. Себебі, жасанды мұрны құртылуы мүмкін еді. «Абай әндері», «Ақ раушандағы» рөлдері — олардың қай қайсысы болса да, екінші рет қайталанбайтын дара бейнелер еді. Алғашқысында Ажардың бойындағы төзімділік пен оның достарына деген ыстық ықыласы, турашыл мінезі мен батылдығы Әмина арқылы қазақ халқына кең тарады. Түсірілім жұмыстары басталмас бұрын режиссер Григорий Рошаль актрисаға үлкен сенім артатынын ашық білдіреді. Осы жауапкершілікті сезінген актриса күрделі образды сәтті сомдап шығады. Бұл кезде Әмина Өмірзақованың аяғы ауыр болатын. Күйеуі екеуі ұлды болуды армандап жүреді, екінші жағынан актриса киноға түсуді ұзақ күткен еді. Бұл қалауының үлкен болғаны соншалық, Әмина режиссерден өзінің жүктілігін жасырады. Түсірілім барысында актриса отырған аттың аяғы шұңқырға түсіп кетіп ол жерге құлайды. Сол күні Абай шәкірттерінің бірін сомдаған Шәкен Айманов түсірілім тобына «Әмина ертең түсірілімге келмейді. Бос күнді пайдаланып ұлымды сүндетке отырғызып алайын» дейді. Келесі күні түсірілім алаңына өзінен басқаның бәрі жиналғанын естіп, қатты таңғалады. Осылайша ұлының сүндет тойына қатыса алмайды. Кейін түсірілім аяқталған соң Ш.Айманов «Жарайсың, пұшық қыз! Бүгін сен екеуіміз екі қасқыр жедік десек болады. Эпизодты да түсірдік, сүндет той да ойдағыдай өтті» — деп қуанышымен бөліседі. Осылайша ұлы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры Талас Өмірзақов дүниеге келеді. Расымен де, оның «Абай әндері» фильміндегі алғашқы рөлі зор табысқа ие болды. Ана бейнесінің ерекше кінәмшіл келіп, жасандылықты көтермейтінін білген актриса осы фильмді түсірмес бұрын жаз бойы ауыл адамдарымен бірге тұрады. Олардың қым-қуат тіршілігімен етене танысып, егін алқабына барып, орақ шалуды үйренеді. Тіпті, ауыл адамдарымен киімдерін ауыстырып алады. Актрисаның тағы бір есте ерекше қалған рөлі  — «Тақиялы періштедегі» Тайлақтың анасы. Осы Тайлақты сомдаған кейіпкер Әбілғазы Райымқұлов актриса қайырылмас мәңгі сапарға аттанғанда бір қабырғасының қаусап, түсіп қалғандай күй кешкенін айтады. Бірде араға көп жыл салып актрисаның үйіне барғанында ол кісі «Келмегелі қанша болды? Неге бір шәугім шайға келмей жүрдің?» деп ұрысып, ілініп тұрған қамшымен әзілдеп ұрмақ болған екен. Ал театр актрисасы Роза Әшірбекқызы өзін Әмина Өмірзақованың туған қызындай сезінгенін айтады. Өнерге алғаш қадам басқанында ерекше көңіл бөліп, рөлді қалай дұрыс сомдау керектігін үйреткен екен. «Өнер мен біздің театрда жүрген актер-актрисаға деген мейірімділігі мен аналық қамқорлығы өте жоғары болды. Бір кемшілік көріп тұрса, шыдап отыра алмайтын еді. «Сөйлеген сөзің де мына рөлге сәйкес емес» деп шын айтып, керемет бағыттар беретін» — деп естелігімен бөлісті актриса. Әмина Өмірқазовамен бір терінің пұшпағын илеп, бір сахнада өнер көрсеткен актер Досхан Жолжақсынов актрисаның күлкісінің ерекше болғанын айтады. Түсірілім арасында айтыс ұйымдастырғанда марқұм актриса Кәукен Кенжетаевтың жақтасы болып, тапқырлығымен көмектесіп отырған. «Әмина апамдар кез келген эпизодымызды мәз болып қарап отыратын. Күлкісінің өзі адамды бей-жай қалдырмайтын еді. Әсіресе, Әмина апаның дауысының өзі әсерлі еді. Күлмес ханның өзін еріксіз езу тартқызатын. Мұнымен қатар, Әмина апаның отыз тісін көрсетіп, кейде сықылықтап қарқылдап күлгенінің өзі адамды күлдірмей қоймайтын», — дейді актер Досхан Жолжақсынов. Көрермен көзайымына айналған актриса 2006 жылдың қыркүйегінде көз жұмды. Соңында мол мұра қалдырған актриса 1958 жылы Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, 1965 жылы Қазақ КСР Халық әртісі, 1967 жылы қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО жоғарғы марапаты «Еңбек Қызыл Ту» ордені, КСРО «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері атанып, КСРО «Еңбек ардагері» медалімен, 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты Отан орденімен марапатталды. 2001 жылы Қазақстанның Тәуелсіз «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері атанып, 2004 жылы «Ұлы Отан соғысына 60 жыл» мерекелік медалін алды. Әмина Өмірзақова ұрпақтар жүрегінде мәңгі із қалдырды.

                К.Т.Уалиева- бұқаралық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушы

    Бөлісу/Поделиться:

    Добавить комментарий

    Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *