Skip to content
Басты бет » Елінің біртуар азаматы — Ғадас Салықов

Елінің біртуар азаматы — Ғадас Салықов

    Ғадас Салықов

    Бүгінгі күнде бұндай адам болғанын көпшілік, әсіресе жас буын біле бермейді. Сол себепті өз өлке тарихымызда Кеңес үкіметін құру жолында ерен еңбегімен артында із қалдырған, жаңа заманның жаршысы болған жандардың бірі — Ғадас Салықов туралы айта кеткен өте орынды деп есептеймін.

    Бүгінде жас жеткіншектерді осындай өз жерлестері, айтулы жетістіктерге жеткен батыр ағалары үлгісінде патриоттық тұрғыда тәрбиелей білсек нұр үстіне нұр емеспе?

    Ғадас Салықов Ұлан ауданы қазіргі Бестерек ауылының маңындағы Шөже елді мекенінде дүние кешкен Қаршыға руының өкілі Салық қажы Жүнісұлы деген, өз заманының алдыңгы қатарлы арабша оқыған, молдалық құрған беделді азаматының отбасында дүниеге келген. Ғадастың әкесі Салық молда Нұролла хазірет медіресесін бітірген, Меккеге қажылыққа ел бастап барған адам. Ол кісі өз қаражатына 1908 жылы Шөже ауылында медіресе-мектеп салдырып бала оқытып, сол ғимаратты 1917 жылы большевниктер билік басына келген соң, заман ағымын, қоғамдағы  өзгерісті тез аңғарып өз еркімен Кеңес үкіметіне берген, көреген де салиқалы адам болыпты.

    1918 жылы Семей губерниясы бойынша жаңа кеңестік оқу жүйесін жүргізу туралы құрылтай жиналысы ашылып,делегат ретінде Салық Жүнісов қатысып қайтады. Ондағы өзекті мәселенің бірі Семей қаласында ашылған мұғалімдер курсысына әр ауылдан сауатты адамдар жіберу шаруасы оған да тапсырылғани еді.Салықтың ұйытқысымен Ұлан ауданынан 8 адам оқуға аттанды,олардың ішінде Оралбай Баужанов, Нұрсұлтан Оқапов, Жақай Шалғынбаев, Ғайса Аязбаевтар бар еді, олардың ішіне өзінің алғырлығымен оқуға ынтасымен көзге түсе бастаған өз ұлы Ғадасты да қосады.

    Кейінірек бұл адамдар Ұлан ауданы құрылған кездердегі алғашқы қызыл мұғалімдер болып, халықты сауаттандыру ісіне белсене араласқан болатын.Соның ішіндегі Оралбай Баужанов пен Ғадас Салықов Шөже мектебінде балаларды Кеңестік жүйеде оқытуды  қолға алған алғашқы мұғалімдер болды. Біраз уақыттан соң іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті арқасында Ғадас Салықов мектеп директоры қызметіне тағайындалды. Бір-екі жыл өткен соң, Оралбай Баужанов мектеп басшысы болып қала берді де, Ғадас Салықов өлкелік басқармасының нұсқауымен ел билеу жұмысына ауысты.

    РКП (б) Өскемен уездік комитетінің ұсынысы бойынша Тайынты, Тарғын болыстары біріктіріліп ірілендірілгеннен кейін, екі болыстың жұртшылығы Ғ.Салықовты Тарғын болысына депутаттар Кеңесінің болыстық атқару комитетінің (болыстық совдептің) төреағалығына сайлады.

    Бұл жерде губерниялық «Қазақ тілі» газетінің 1923 жылғы сандарына ақтарып отырғанда кездескен 20 желтоқсанда «Үлгі алу керек» деген тақырыппен жарияланған мақаласын айғақ ретінде келтіре кетудің артықшылығы жоқ.Онда Өскемен қаласында жеті жылдық қазақ мектебінің ашылғандығы айтылады да, осы мектепті ашуды Ғадас Салықовтың зор көмек көрсеткені, діншілдердің қарсылығына қарамай қазақтың 15 баласын оқуға жіберткені, халық ағарту жұмысының маңызын білетін адам ғана осылай істейтіндігі, уездегі басқа болыстардың бұдан үлгі алу керектігі сөз болды.Мақаланың соңында: «Ғадас Салықов бұрын жеткіншектерді жаңаша тәрбиелеуде жемісті еңбек етіп еді, жергілікті өкіметті басқаруға ауысқанда да халық ағарту ісін қолдауды жалғастырған екен» деп қорытады.

    Кешікпей Сібе болысы біріктірілді.Үш болыс елден іріленген Мендеш болысы ұйымдастырылды. Міне енді осы үш болыс елдің еңбеккерлері Ғадас Салықовты Депутаттар Кеңесінің болыстық атқару комитетіне төраға етіп бірауыздан сайлайды.

    «Қазақ тілі» газетінің 1924 жылғы 25 шілдесіндегі 83-нөмерінде жарияланған мына бір хабар назар аударарлық. Хабарда: «Мендеш болысында биыл 4 мектеп үздіксіз жұмыс істеді, онда200-ге жуық бала оқыды, бұл сияқты құнды іске депутаттар Кеңесінің болыстық атқару комитетінің председателі Ғ.Салықов жолдас үлкен көмек көрсетті» делінген.

    Газеттің бұдан кейінгі 84-нөмерінде редколлегияның атынан мынадай хабар жарияланған: «Редакцияға Меңдеш болысының председателі Ғ.Салықов жолдастың халық игілігі үшін адал еңбек етіп, жұртшылықты сүйсіндіретін істер істегені жайында хабарлар, әсіресе, оның жас жеткеншектерді оқытуға күнделікті көңіл бөлетіндігін дәлелдейтін хабарлар жиі түсуде.Соның бірі өткен нөмерде жарияланды. Сондықтан редакция алынған хабарлардың барлығын пайдалануды қажет деп таппайды,өз тарапынан Ғ. Салықов жолдасқа рахмет айтумен бірге, келешек сайланатын болыстық атқару комитетінің председателінің осы Ғадас жолдас сияқты еңбек етулерін тілейтіндігін білдірді».

    Ғадас Салықов 1925 жылдың соңғы айларында Өскемен уездік жер бөлімі бастығының орынбасарлығына, кейін осы бөлімнің бастығы болып  жоғарылатылды. Бұл қызметінде ол уездік, егіндік, шабындық жерлердің әділетті бөлінуін қамтамасыз ету жолында көп жұмыс жүргізеді. Бұрын үстем тап иемденіп келген он мындаған гектар егіндік, шабындық жер кедейлерге байлардан алынып беріледі.

    1927 жылдың ақырында уездерді,губернияларды тарату,округтер ұйымдастыру,болыстарды тағы да ірілендіріп, аудандар ұйымдастыру, оларды тікелей округтарға бағындыру жөніндегі қаулы қабылданды. Партия Ғадас Салықовты Семей округінде ұйымдастырылған сол кездегі ең ірі аудан — Жармаға аудандық атқару комитетінің председательдігіне жіберді. Бұл кезде ірі байларды конфискелеп,жер аудару жұмысы жүргізілгендігі мәлім. Бұл шараның қиян-кескі тап тартысы жағдайында өткендігі тағы белгілі. Міне,осы қиын жұмыс Жарма ауданында басқа аудандармен салыстырғанда дұрыс жүзеге асырылғандығы округтік баспасөзде атап көрсетілген.

    Шыңғыстай, Катонқарағай аудандары біріктіріліп, қазақ орыс аралас ірі Катонқарағай  ауданы ұйымдастырылғанда Ғадас Салықов бұл ауданда аудандық атқару комитетінің председателі болып істеді.Ол бытыраңқы ұсақ шаруаларды біріктіріп, колхоздар ұйымдастыруда үлкен іскерлік көрсетті. Округтың басқа аудандары сияқты,бұл ауданда қателік, асыра сілтеушілік соншалық етек алмады.

    Кеңес мемлекеті қызметінің қай саласында жүрсе де Ғадас Салықов тап жауларына қарсы аянбай күрес жүргізіп, жас  мемлекетті нығайтуға жан-тәнімен еңбек етті. Осындай адал еңбегінің арқасында Салықов Ғадас Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.Өмірінің ақырына дейін Кеңес құрылысын нығайтуда көптеген жерлерде басшылық қызметтерде істеді.

    Бүгінгі күнде Ұлан ауданыны Бестерек ауылындағы  мектеп  өз елінің айтулы азаматы-халыққа Республикалық көлемде танымал болған жерлесіміз Ғадас Салықовтың атында.

    Сәкен Ғайса

    Бөлісу/Поделиться: