Skip to content
Басты бет » Ұлттық тәрбие — рухани асыл қазына  

Ұлттық тәрбие — рухани асыл қазына  

       Ұлттық құндылықтар тәрбиенің түп қазығы. Ұлттық құндылықтарға әр хaлықтың ғасырлар бoйы жинақтаған ұлттық, рухани және мәдени құндылықтары жатады. Осы құндылықтарды ұрпағымыздың бойынa сіңіріп, оқу-тәрбие үдерісінде ұлтжандылыққа, отаншылдықпен салт-дәстүрімізді құрметтеуге баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғaларды тәрбиeлеу- халық алдындағы басты міндет. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет, өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақты тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Халық даналығында: «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар апат болады» деген сөз бар. «Тәрбие басы — тал бесік» демекші халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім- тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да мол. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді арман етіп: «Шыншыл, әділетті, иманды болу, сонау ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз», — деп сол дәстүрді кейінгі ұрпақтың мықтап ұстануын талап еткен. Мысалы: атасы немересін, алдымен, елінің құтты қонысымен таныстырған. Жылдың әр мезгілінде елдің қайда, қалай көшетінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, олардың зираттарын, елдегі даңқты адамдарының ерлік хикаяларын, ауыл-аймақтағы жер-су атауларын ерінбей-жалықпай баласының санасына сіңіре білген. Бала атаулының айналаны қабылдағыш, зейінді кезі үш пен бес жас аралығы. Қазіргі педагогика мен психология ғылымдары бұл кезеңге айрықша назар аударып, бұларға «Жүз мың сұрақ неліктен деп сауал қоятын кезеңі», — деп айтып жүр. Осы ерекшеліктерді аңғарған ата-бабаларымыз төкпе ақындықпен сұңғыла жыршылық, айыр-көмей шешендік пен төгілдірген күйшілік секілді киелі өнерлеріміздің ірге тасы бала санасында сәби шақта қалатынын ерекше ескеріп, осынау балдаурен балалық кезеңге айрықша мән берген. Сондықтан да, бүлдіршін мен балдырғандарға елі, жері, суы туралы, ата тегі, төр түлік мал, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, аспан денелері, табиғат құбылыстары,  ауа-райы т.б. жөнінде түсінігіне лайық қысқа да нұсқа, жүйелі мағлұматтарды әр түрлі әдіспен жеткізіп отырған. «Бір бала бар-жасық туады, бір бала бар-әкесінен асып туады»,- деп халық «Жасық туған» баланы да жұрт қатарлы азамат болуға тәрбиелеп, «Асып туған» баланың іс-әрекетін қуаттап, оны үлгі ретінде уағыздайды. Қазақ дәстүрінде ата-анаға қызмет ету — борыш,  ата салтын орындау- парыз,  анасының ақ сүтін,  әке еңбегін ақтау — қарыз. Жеке адамның адамгершілігі де, кісілік имандылығы да осы борыш, қарыз өтемімен айқындалады.

     Көшпенді ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәлім-тәрбиені  топтастырғанда ғылым үшін аса маңызды жүйелілік принципіне ерекше мән берген. Осыған орай,  жас буын тәрбиесін, бесіктен бастап бұларды «Ақыл-ой,  имандылық, еңбек, көркемдік, сымбаттылық» сияқты сан салаға жұптастырған.  М.Әуезовтың: «Ел болу үшін бесігіңді түзе» деген сөзінің мән-мағынасына ой салсақ, тәлім-тәрбие ісі, жас ұрпақ дүниеге келген соң ескеріле келіп, мұндағы ұлттық рәсімдермен тәлімдік тәсілдерін рет-ретімен жүйелі қолдана білу абзал. Халқымызда баланы жөргегінен бастап, оны ер жеткенге дейін үздіксіз тәрбиелеу жүйесі, халықтық педагогика дәстүрі болған. Жас ұрпақты ұлттық мақтанышпен ұлттық патриотизм рухына қалай тәрбиелесек, еліміздің халқымыздың болашағы, даналығы да солай айқын көрінеді. Әрбір халық рухы таза, санасы биік, білімді де білікті ұрпағымен көктеп, өркен жаяды. Ұлттық құндылық белгілі бір бағытты, мақсатты, жүйелі ұлттық көзқарасты, мінез-құлықтағы адамдық тәртіппен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе. Олай болса, ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар — негізгі ізгілікті, ақылды, адамгершілік, парасаттылық, имандылық мідеттерін ажырата біліп өзіне таңдау жасауы.

             Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Ұлттық тәрбиенің тамырыда тереңде — халық қазынасында, оның қадір-қасиетімен бітім-болмысында. Бұл қазына ұлттық құндылықтар арқылы бала бойына сіңетіні даусыз.

             Ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән  адамгершілік қадір-қасиеттермен ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материялдық құндылықтар. Оларға меймандостық, адамгершілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылық сынды рухани  қасиеттер жатады. Кез-келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі. Біріншісі — тілі, екіншісі — діні, үшіншісі — дәстүрі, төртіншісі — тарихы, бесінші — атамекені. Құндылықтар — шынайы ғана болады. Ол ең алдымен адамның санасынан орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді және соған сай әрекет етеді. Өз ұлтын қадірлеп, қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтарымыз қаншама. Олар: Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұқтар Әуезов және т.б. Қазақ халқының осындай ұлы тұлғаларының, ұлттық рухани материялдық құндылықтар туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты ел жұртқа ие болатын азаматтарды тәрбиелеуге,  дәріптеуде қолдануымыз қажет.

             Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын қылықты болуын, сұлу сөз сыйқырлы үн, әдемі әнмен түрлі жақсылықтан ләззат ала білетін, байсалды, ойламды, шымыр болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұстаған. Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде оларға жастайынан имандылықпен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне үлес қоса алатын азамат етіп,  өсіре аламыз.  Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту — өзекті мәселенің бірі. Сондықтан, алдымызда тұрған үлкен мақсат — ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде, ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі, отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса,  ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Ұлттық тәрбие ұрпақтан — ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде жастарды әдепті де, саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздың ұлттық ізгіліктерін, елдің мерейін көтеретін рухани мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізіп, насихаттап, жастардың санасына сіңіре білу парызымыз.

    К.Т.Уалиева

    экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің бұқаралық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушысы.

    Бөлісу/Поделиться: