Skip to content
Басты бет » ШҚО археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту Бағдарламасын іске асыру барысы туралы

ШҚО археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту Бағдарламасын іске асыру барысы туралы

    Жалпы тарихты, археология мен этнографияны ғылыми-зерттеумен

    қамтамасыз ету бөлімінің  тарихшы-археолог маманы –

    Кущ Галина Александровна

    Сәуір 19, 2023

            Шығыс Қазақстанның табиғаты ерекше жомарттықпен жаратылған. Бұл – аттары желмен жарысқан, бозторғайдың сайрауы боз бетегенің суылымен, бұлақтың сыңғырымен, құмның сыбдырымен, сарышұнақтың шиқылымен үндескен  еркін даланың әлемі. Қарлы шыңдардың арасынан дәмі тіл үйірер мөлдір таза сулы ағысты өзендер бастау алады. Қанық жасыл түсті шалғындардан жас шөп пен шайырлы аршаның иісі самал желмен мүңкиді. Аспан төңкерілгендей көгілдір, тұнық көлдер. Мұның бәрі бір кездегі құдіретті патшалар мен жауынгер халықтардың жері. Үлкен қорғандар, көне ғибадатхана қабырғалары, жартасқа салынған суреттер  даңқты кезеңдер мен сол кездегі халықтың белгісіндей болып, өткен ғасырлардан осы күндерге дейінгі сәттерден сыр шертеді. 

            XVI ғасырда жауынгер-ақын Қазтуған жырау «Дала – уақыт секілді шексіз» деп жырлады.

           Міне осы кезде археологтар біз білуге тиіс, мақтануға тиіс Ұлы даланың өткені мен тарихын көрсету үшін іске араласты.               Біздің өлкенің археологиясын зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін облыс әкімі Д.К.Ахметовтың бастамасымен «2016-2023 жж. ШҚО археология саласындағы ғылыми зерттеулер бағдарламасы» жүзеге асырылып келеді. Бұл бағларламаның арқасында ғылымға белгілі ескерткіштер мен жаңа ескерткіштерде кең көлемде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу «Алтай Тарбағатай қола дәуірінен ерте ортағасырға дейін» және «Шілікті аңғары мен Тарбағатай тау бөктеріндегі ежелгі және ортағасыр ескерткіштері» атты екі бағытта іске асырылуда.

           Жобалар Қазақстанның жетекші археологтары З.Самашев, Ә.Төлеубаев жетекшілігімен жүргізіледі. Осы жылдарда Зайсан ауданында Шілікті, Айнабұлақ; Тарбағатай ауданында Елеке сазы; Катоқарағай ауданында Берел, Қарақаба, Шу; Абай ауданында Қырықүңгір; Семей қаласы маңында Көкентау; Күршім ауданында Дуаналы; Ұлан ауданында Ақбауыр, Аблайкит, Кенере, Қызылтас ескерткіштерінде қазба жұмыстары мен кешенді зерттеулер жүргізіліп келді.

           Зертеу метериалдары ақпарат беру жағынан өте құнды. Зерттеу қорытындылары республикадағы археология ғылымының игілігіне айналып, шетел ғалымдарының қызығушылығын тудырды. Қазба жұмыстары барысында 20 мыңнан аса құнды жәдігерлер табылды. Олардың барлығы облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды және «Ұлы дала алтыны» экспозициясын құруға мүмкіндік берді.

           Ал дәл осындай атаумен көрме халықаралық дәрежесіне көтеріліді. Ол көрме Ресейде, Ұлыбританияда экспозицияланды, қазір таңда Татарстанға апаруға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

           Көрменің негізгі жәдігерлері алтын бұйымдар болып табылады. Киім мен бас киім әшекейлері, ат әбзелдері мен қару безендірмелері. Бұлар ежелгі шеберлердің ғажап зергерлік туындылары. Олар өте көне, б.д.д. VIII-VII ғғ, б.д.д. V-III ғғ. деп мерзімделеді. Басқа да олжалар: қыш және мыстан құйылған ыдыстар, сүйектен, ағаштан жасалған тұрмыстық заттар, темір пышақтар мен балталар, ғұрыптық заттар, тас үккіштер мен ұршықтың айналмасы өте құнды болып саналады. Мұндай жәдігерлер, ең алдымен, материалдық мәдениетті, қолөнердің дамуын көрсетеді. Материалдары алуан түрлі – ағаш, сүйек, металл, былғары, жүн өңдеу, керамика. Сондай-ақ, технологиялық процесстер – кен өндіру, металлургия, металл бұйымдарын құю және соғу. Зергерлердің шеберлігін ерекше атап өту қажет. Олар жасаған әр бұйым – жоғарғы талғаммен, қиялға ерік беріп жасалған, ғажайып көркем шығарма. Ал кішкентай ғана айылбас немесе түйменің артына микроскоптық көлемде ілгекті дәнекерлеу неткен шеберлік десеңізші!

           Қорғанның үлкен болуы, ол қорғаннан алтынның көп табылуы жерленген адамның қоғамдағы беделін білдіреді. Археологтар ондай қорғандарды элитарлы, патша қорғаны деп атап кеткен. Мұндай ескерткіштер Елеке сазы, Шілікті, Берел, Қарақаба қорымдарында зерттелді. Элитарлық қорғандарды зерттеу барысында табылған олжалар ғалымдарға, суретшілер мен реставраторларға сақ әлеуметіне жататын кісінің сыртқы келбетін, киімін, қаруын жаңғыртуға мүмкіндік берді. Мұндай жаңғыртпалар көрменің сәнін келтіріп қана қоймай, оның басты жәдігері болды. Олардың сырт келбетінің өзі бәрін айтып тұрғандай – ол көсем, қолбасшы, абыз әйел, жауынгер. «Алтын» киімдермен олар салтанатты рәсімдерде, салттық-ғұрыптық шалаларда бағынушыларының алдына шыққан.

            Біздің экспозицияда ең алдымен Шілікті «Алтын адамы» пайда болды. «Бәйгетөбе» қорғанынан табылған жәдігердердің ерекшелігі – сақ мәдениетіндегі ең көне, б.д.д. VIII ғасыр, демек Қазақстан аумағындағы ең ежелгі «Алтын адам» болып табылады.

           Лауазымды адамдардың сол қоғамдағы ролі, халық алдындағы әрекеттері жайлы аздап қиялға ерік беріп көрейік, дәл қалай болғанын біз білмейміз ғой.

           Елестетіп көріңіз: биік таулы Шілікті аңғары, көз ұшында Сауыр, Маңырақ, Тарбағатай таулары. Тау басында әлі қар жатыр, ал жазық жасыл кілемге оранғандай. Табиғат оянуда! Көктемнің келгеніне төңіректегінің бәрі қуанышты – күн жарқырап тұр, аңдар қысқы ұйқыдан оянған, ұзақ қыстан жалыққан адамдар мәз-мейрам. Олар табиғаттың жаңаруын ғұрыптық жоралғылармен қарсы алу үшін алқапқа жиналады. Салттық мерекедегі басты кейіпкер – Көсем. Ол күн сәулесімен жарқыраған әсем ғұрыптық киіммен халықтың алдына шығады. Оның шапаны алтынмен жарқырайды. Алтын – биліктің, күштің, мәңгіліктің символы. 

          – Алтын Құдайдың шығу тегімен және патша билігінің құдыретімен теңестіріледі. Адамдар құрметтейтін басты құдай –  күн. Көсем, патша – күннің өкілі. Оның костюміндегі әрбір әшекей – күннің сәулесі. Олардың әрқайсысының мағынасы күнмен байланысты.

         – Бүркіт Күнге жақын деп саналды, ол күші мен сұлулығы үшін және ұзақ уақыт бойы ауада ұшу және қалықтай алу қабілеті үшін құрметтелді. Кейбір жағдайларда бүркіт жылан шаққандағы өлген күйінде бейнеленген. Бұл сюжет көнелердің концепциясында жыл мезгілдерінің ауысуымен, көптен күткен көктемнің келуімен байланысты екі элементтің – жер мен аспанның қарсы тұруы, мәңгілік бейнеленген.

         – Көшпенділер дүниетанымындағы Күнге табыну бұғы бейнесімен тығыз байланысты. Мұнда біз бұғының бастапқы бейнесін көреміз: әшекейдің негізі – бұғының мойны, басы және мүйізі. Бастар әртүрлі бағытта бұрылып, жоғары көтеріледі, сондықтан олардың сәнді тармақталған мүйіздері тиіп тұрады. Біріктірілген мүйіздер көктемде тіршілігін бастайтын өмір ағашы. Ғалымдар өмір ағашының бейнесі құнарлылық, дүниеге келу және өсу салтымен байланысты деп болжайды.

          Бас киімнің ұшы өте маңызды – грифондардың бастары түріндегі әсем мүйіздері бар бұғы бейнесі. Грифон бұғының артқы бөлігін жеп тұрғандай. Бұл адам өміріне қатысты мәңгілік тартыс.

          Құдайлардың билігін, патшалардың үстемдігін және олардың сиқырлы күшін салттық киімдегі осы әшекейлермен жеткізген. Салттық ғұрыптар, ғұрыптық іс-әрекеттер, мерекелер,  табиғаттың жаңаруымен, көктемнің келуімен байланысты асыл мерекелер ерекше сезімде өткізілген.

          Барыстың бейнесі барлық салттық әрекеттермен бірге жүретін отқа табынумен байланысты. Тау сілемдерін мекендеген барыстар «тұмар» ретінде қызмет етті, олар барлық жағынан құрылған кеңістікті қорғады. Адам олардың ашуын, күшін бағалады, олардың қасиеттеріне ие болғысы келді. Сондықтан олардың бейнесімен таңдаулы адамдардың киімдерін безендірді.

         Б.д.д. VIII ғасырда болған салттық іс-әрекеттер заманауи дәстүрде де сақталған деп айтуға болады. Мысалы, архар бейнесіндегі айылбас – архар бейнесі құрбандық деп саналған, ал құрбандық жасағанда күнмен байланысты барлық дәстүрлер орындалған. Ал қазір үлкен мерекелерде көкпар тарту болып жатады, ал көкпарға құрбандық ретінде қой (ешкі) аталады.

         Көрменің келесі жарқын жәдігері – жас жауынгердің – алтыннан киім киген ақсүйек жауынгердің жаңғыртпасы. Ол жас болса да жасақ жетекшісі болуы мүмкін.

          Ерекше салттар мен табиғаттың жаңаруын қарсы алуға арналған биік таулы Елеке сазы алқабында әскери жасақ жиналған. Олардың көшбасшысы – жас жауынгер. Оның мойнында жоғарғы лауазымды білдіретін  алтын әшекей – гривна. Қымбат қынаптағы әскери қанжар. Қар барысы және бұтақталған мүйізі бар бұғы бейнесі қаруына сән беріп тұр. Садақ оқтары салынған қорамсақ  та барыс және бұғы пішініндерімен әсемделген. Ұзақ қашықтыққа атылатын садақ пен қырық жебе – оның басты қаруы. Сақ жауынгері – садақшы. Оның ұрыс құралы – жебе, қорамсақ және жүйрік ат. Жауынгердің киімінде – аюдың пішіндері. Аюдың күші, қуаты жауынгер мен оның атының мүмкіндіктерін арттырады деген сенім болуы мүмкін. Шалбарына ұсақ алтын моншақтар тігілген. Бас киімінің үшкір ұшы да алтынмен көмкерілген. Алтын білезікте қасқырдың бейнесі бар. Ол алтын патшалардың сән-салтанатын ғана білдірмейді – онда аңның қадамы, қасқырдың секіруі, құстың, бұғының қалықтауын көрсететін құйылып, соғылған және олар жауынгер киімінде болуы тиіс деп саналаған. Жауынгердің, көсемнің, әскери көшбасшының киімдерін жануарлардың бейнелерімен безендіру дәстүрлері көшпенділерде ұзақ уақыт бойы сақталды.

    Олардың қасиеттері әскер басы үшін қажет,

    Шайқаста Барыстай батыл,

    Қабандай табанды және қасқырдай өткір,

    Аюдай қатыгез, бұғыдай етпі болсын деп,

          Оларға жауды жеңу үшін де дарыды, – деп ІХ ғасырда Жүсіп Баласағұн да жырлаған. Өз әміршілерінің жауынгерлерін басқарғысы келген жас сарбаздар дәл осы қасиеттерді өз бойларында дамытқан. Олардың өміріндегі басты сынақ қолбасшыларының қатысуымен өтетін салтанатты жиын болған. Оған дейін олар барлық жаттығулардан өтіп батылдыққа, ғаламат күш иесі болуға, тәуелсіздікке үйренген. Енді дәстүрге сай көсемнің сенімді көшбасшысы бола алатындарын дәлелдеулері қажет. Ғалымдар б.д.д. VIII ғасырда қасқыр туралы, жауынгерлік жасақ жетекшісінің символы деген түсінік болған деп санайды. Айналасы биік таулармен қоршалған, сан алуан бұлақтар мен өзендер көсілген алқапта ерте көктемде табиғат оянып, бүкіл тіршілік жаңаратын уақытта, жас жауынгерлер күрделі әскери-салттық рәсімдерден өтіп, «жас қасқырларға» айналды. Айта кету керек, қасқырға табыну ұзақ уақытқа созылды. Қазақ хандарының туларында қасқыр бейнеленген. Бұл туралы XIX ғасырдың суырып салма ақыны Сүйінбай Аронұлының өлеңдерінде айтылған. Қазақ батырлары туралы көптеген аңыздар қасқыр бейнесімен байланысты.

          Қиял-ғажайып және жануарлардың шынайы бейнелерінде берілген көшпелілердің бұл бірегей өнері бізге Ұлы дала кеңістігін шарлап келе жатқан салт атты көшпенділердің көңіл-күйін, дүниетанымын жеткізеді. Сонау замандардан бері ежелгі көшпенділердің бұл көңіл-күйі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарда әлі де сақталған.

          Берел патшалар алқабынан табылған дегдар ханымның бейнесінің жаңғыртпасы.

          Берел алқабы – «Алтын Алтай тауының» қасиетті жерлерінің бірі. Ежелгі көшпелілер Алтайдың осы бір әсем бөлігін бекер таңдамаса керек. Алқап жан-жағынан тау жоталарымен қоршалған. Ежелгі адамдардың мифологиялық сенімі бойынша тауларға ерекше мәртебе берілген, өйткені олардың шыңдарында құдайлар өмір сүреді деген түсінік болған. Бұл қасиетті орындар салттық мерекелерге арналған, мұнда көктемнің келуіне арналған, ең алдымен күнге табынумен байланысты шаралар өткізілді. Мұнда патшалар мен асыл адамдарды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі де жүргізілген.            Бұл шараларға қатысушы әйелдер міндетті түрде алтынмен безендірілген салтанатты киім киген сақ элитасының өкілдері болған. Оның киімінің әрбір бөлшегі оның таңдаулы, текті екенінен хабар береді.

          Мысалы бас киімге қараңыз – қызыл түс – патша киімінің түсі. Ол арқарлардың тамаша бейнелерімен безендірілген.

          Алтайда халық арасында аңыздың ежелден сақталғаны бекер емес. Бұл көп жыл бұрын болған. Бірде күнді солтүстіктен ұшып келген бұлттай алып мұз жылан жұтып қояды. Суытып кетеді. Тауларды, өзендерді, көлдерді мұз басып қалады. Жануарлардың барлығы дерлік өліп, ал тірі қалғандары теңізге кетеді. Тірі қалған адамдар суықтан қатып қалмау үшін күні-түні үңгірлерде от жағады. Бәрі жыланнан қорқады. Тек архар ғана батылдық танытады. Ол жылан бар биік шыңға шығып үш күн, үш түн өлім мен өмір арасында арпалысады. Жеңіске жетеді. Мықты тұяқтарымен жыланның ішін жарып жібергенде Күн сыртқа шығады. Бірақ ол өте әлсіз болғандықтан аспанға көтеріле алмайды. Сонда архар оны мүйізіне іліп алып бұлттардан асырып жібереді. Қар мен мұз еріп, кеткен аңдар алқапқа қайта оралады. Сөйтіп, архар адамдарды ажалдан құтқарып қалыпты.

          Бұл жануардың бейнесі күн тәңірімен тығыз байланысты, демек, жарқыраған алтын киінген тектілер өкілі ерекше жаратылыс болып саналған.

          Бас киім – таңғажайып қанатты тіршілік иелері грифондармен безендірілген. Грифон – бұл бірнеше түрлі жануарлардың ең айқын қасиеттерін біріктіретін кескін. Мифтік жаратылыс құс пен аңның күші, ептілігі, жігері, көру және есту жылдамдығын біріктіреді.

          Бәлкім, біздің «жауынгер әйел» осы қасиеттерге ие болғысы келген шығар? Ол алтыннан үстем болу, ерекше жаратылыс иесі болу, ғұрыптық әрекеттерді басқара алу қабілетін алғысы келді ме?             Оның тонын безендірген пластинадағы сюжет өте керемет: барыстың бұғыны азаптауы. Екі қасиетті бейне ажал жекпе-жегінде түйіскен. От пен күннің қасиеті саналған алтында өмір жолы тартыс пен азап арқылы мәңгілік қозғалыс ретінде, кескілескен күрес ретінде, маусымның ауысуынан әлеуметтік қақтығыстарға дейін жазылған.

         Әрбір затта қасиетті мәнін ашуға болатын, салттық, салтанатты шаралар кезінде болатын күш пен сиқыр жасырылған. Олардың барлығы құнарлылыққа, күнге, отқа, жыл мезгілдерінің өзгеруіне, тауларға, өзендерге табынуға байланысты. Бұл құпиялар біздің ата-бабаларымыздың дәстүрлі мәдениетін түсінудің кілті болып табылады.

          Б.д.д IV – III ғасырларда өмір сүрген асыл сақ әйелінің бұл бейнесі сол дәуірдегі сәнгерлердің эстетикалық талғамдары мен қалаулары, көркем мәдениет, бейнелеу өнерінің бейнелері туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

          Берел алқабынан алыс емес жерде, Қарақаба өзенінің бойындағы биік қыратта дәл осы кезде тағы бір асыл әйел адам өмір сүргені анықталды. Бір қорғанды ​​қазу кезінде бас киім оюлары бұзылмаған күйде табылды. Табылған заттардың ақпараттылығы б. з. д. IV-III ғасырлардағы сақ элитасының асыл әйелінің жерлеу – еске алу костюмін жасауға мүмкіндік берді. Оның биік бас киімі арқардың, бұғының алтын мүсіншелермен және қабыршақты ою-өрнегі бар көптеген алқалармен безендірілген. Бұрымдарының фрагменттері алтын түтікшелермен өрілген. Сөз жоқ, мұндай костюм осы тұлғаның әлеуметтік жағдайының көрсеткішін, қоғамның даму деңгейін сипаттайды. Бұл жағдай кең байтақ Таулы Алтай өңіріндегі этностардың тығыз байланысын айқын көрсетеді.

          Тағы бір әйел пішіні – Үржар ауданындағы Тасарық қорғанынан табылған жас әйелдің сыртқы келбеті мен костюмінің жаңғыртапасы ерекше назар аудартады.

          Бұл жас әйелдің қоғамдағы орны, дәрежесі ерекше болды. Киімі, бас киімі оның діни қызметкер, емші, көріпкел болғанын көрсетеді. Тірі кезінде ол ерекше дуагерлік, сиқыршылық тәжірибесіне, құпия білімге ие болған. Әрине, кез келген ғұрыптық іс-шараларда, ғұрыптық мерекелерде ол көсемнің қасында болды және ең алдымен, Күнге, отқа, табиғатқа жақын болып, олардан өзіне сиқырлы күш-қуат алды.

          Оның әшекейіндегі басты зат – таңғажайып жаратылыс Феникс құсы безендірілген алтын бас киім.

          Грифон мен феникстің кескіндері бар мифтік жаратылыс: тұмсығы иілген кішкентай бас, ұзын мойын, тармақтары грифон тәрізді бұғы мүйізі, толқын тәрізді иілген пішіндер, грифон түріндегі өсінділері бар ұзын құйрық. Әтешке өте ұқсас феникстің бейнесі біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырлардағы артефактілерге тән. Бұғы мен әтеш кейпінде бейнеленген Күннің символы ретінде аспан құрылымымен байланысты болмысты көреміз.

          Мифтік феникстің табиғаты күнмен, отты апатпен, өсімталдықпен, әйел бастауымен, қорғаныш нышанымен, өлім мен қараңғылық және қайта тірілумен байланысты. Өзіндік «өмір-өлім-жаңа өмір» моделі. Сәуегей әйелдің қызметі ең алдымен күнге табыну рәсімдерімен, мәңгілік өмірді қамтамасыз етумен және оның үнемі жаңаруымен байланысты болды. Ол құнарлыққа, табиғаттың жаңаруына байланысты ырымдарды орындады. Тіршілік пен құнарлықтың символикасы бас киімнің түбіндегі қызыл түспен күшейтілген.

          Оның емші болғанын жанынан табылған заттар: өсімдіктердің дәндері, әр түрлі көлемдегі ағаш және қыш ыдыстар, шөптерді үгітуге арналған тас үккіш, оттың іздері бар кішкентай үстел  айқындайды. Тұтас бір «сықырлы» зертхана.

          Реставраторлар зерттеу барысында қырыққұлақтың жапырық және сабағының қалдықтарын анықтады. Бұл өте құнды дерек, бас киімінің ұшында алтын «жапырақшалар» құс қауырсыны немесе қырыққұлақ жапырақтары болуы мүмкін.

          Феникстің әйелдердің ғұрыптық және салтанатты бас киіміндегі бейнесі мәңгілік өмір мен жаңару, әйелдік принцип және мәңгіліктің жемісі бар әлемдік ағаш туралы сеніммен байланысты.

          Мұнда әйелдер әшекейлерінде өсімдік элементтерін өмірдің, құнарлықтың символы ретінде пайдалану біздің заманымызда да Қазақстан халқы арасында, сондай-ақ бас киімдерді безендіру үшін құс қауырсынын пайдалану сақталғанын атап өтуге болады. Кейбір құстардың қауырсындары әлі күнге дейін қорғаныс күшіне ие деп саналады.

          Қарақаба қорымы VII – IX ғасырлардағы үш қорғандағы кейінгі бірегей ашылулармен – жауынгерлердің жерлеуімен бірге жылқылардың жерлеуімен танымал. Толық сауыт киген жауынгерлер – қылыш, жебе және садақтармен, аттар әбзелдерімен қойылған. Жібек киім қалдықтары да сақталған. Бірақ басты олжа – ол музыкалық аспаптар.

          Ғалымдар жаңа жаңғыртпаны жауынгер-музыкант деп атады. Сол кездегі барлық ұсақ-түйек табылған заттар мен осыған ұқсас материалдар жан-жақты зерттелгеннен кейін қимақ қағанаты жауынгерінің киімі мен қару-жарақтарының жаңғыртпасы жасалды. Бетпердесі бар дулыға, әшекейленген соғыс және атыс белбеуі, қыны бар алдаспан, садақ және жебелері бар қорамсақ, музыкалық аспап. Шекпені ерекше. Мата қалдығынан оюдың кескінін жаңғыртып алып, одан соң эскиз сызылды. Осы эскиз бойынша Венгриядағы «Каза Базар» шығармашылық шеберханасында Ежелгі Шығыс тоқыма бұйымдарын қалпына келтіру бойынша өрнегі бар табиғи жібек мата жасалды. Міне, осындай салтанатпен біздің алдымызда жауынгер- музыканттың бейнесі пайда болды.                        Жаңғыртпалар археолог З.Самашевтың, Ә.Төлеубаевтың, суретші-реставраторлар К.Ахметжанов, К.Алтынбековтың жұмыстары болып табылады.

    Археологтардың ашқан жаңалықтарының арқасында біз қимақ қоғамының өмірінен тағы да көптеген бірегей деректерді біле аламыз. Тіпті қағандардың бірінің портретін де көре аламыз. Бұл олжалар Тарбағатай тауындағы Елек сазы қорымынан табылды. Ғалымдар өлкемізде алғаш рет өздері «Қаған» деп атаған киелі жерді, ғұрыптық-еске алу кешенін зерттеді. Ескерткіш Батыс Түрік қағанаты қағандарының бірінің құрметіне, қайтыс болғаннан кейін денесін өртеу орнына қойылған. Бұл үлкен тас құрылыс ғибадатхана мен оған іргелес лабиринттен тұрады. Ғибадатхананың орталық бөлігінде қалың күл қабатынан көптеген артефактілер табылды: қару-жарақ пен ат әбзелдері, тұрмыстық заттар, салтанатты және жерлеу костюміне тиесілі әшекейлер. Әшекейлердің ішінде қаған бейнесінің иконографиясын, оның костюмін егжей-тегжейлі көрсететін, сондай-ақ мемлекеттік атрибутиканың бөлшектері – зооморфты безендірілген шынтақ қойғышы бар тақтың құрылысы, тәж түрлері және т.б көрнекті дереккөздер ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Әміршінің қолында сусын ішетін ыдыс бар, оны тізелерін бүккен құлдар қоршаған. Шаш үлгісі, киімі мен аяқ киім пішіні байқалады. Бір суретте қағанның бет бейнесін анық көруге болады. Бұл ата-бабаларымыздың көркем мәдениетін зерттеуге, қағанаттың қоғамдық-саяси құрылымының кейбір мәселелерін, діни наным-сенімдерін, сарай рәсімдерін, дала империяларының кеңістіктегі байланыстарын шешуге арналған VIII ғасырдағы жаңа тарихи дерек көзі.

            Археологтарымыздың осы ашқан жаңалықтарының барлығын әлемдік ғылыми қоғамдастық лайықты бағалап отыр: Ұлыбританияның Кембридж университетінің Фитцуильям музейінде ұсынылған «Ұлы дала алтыны» көрмесі 2021 жылы әлемдегі ең үздік бес көрменің қатарына енді.

           Көшпелілер өркениетінің мәселелерін зерттеп жүрген археологтар мен тарихшылар үшін жаңа, өте мазмұнды дереккөздер пайда болды.

          Бұл дереккөздер «дала өмір салты», «дала өркениеті», «көшпелілер өркениеті» сияқты ұғымдарды сапалы жаңаша түсінуге мүмкіндік береді. Олар сонау ертеде даланың басқа озық өркениеттермен бір деңгейде болғанын растайды.

     Автор Кущ Г.А.

    Бөлісу/Поделиться: