Skip to content
Басты бет » Қызыл профессура университетін бітірген Ұландық

Қызыл профессура университетін бітірген Ұландық

    Зәки Ахметов Шығыс Қазақстан облысы қазіргі Ұлан ауданы Ахмер ауылында 1902 жылы дүниеге келген. Әкесі Құсайын қажы, бөрте руынан шыққан ауқатты, сауатты адам болған.

    Зәки он жасқа келгенде 1912 жылы ауылындағы орысша-қазақша бастауыш мектепке оқуға кіріп, онда 1914 жылға дейін оқиды. Зерек бала Зәки 1914-1917 жылдары уезд орталығы Көкпектідегі екікластық училищені бітіреді.

    1917-1921 жылдарда Өскемен қаласындағы орысша-қазақша оқу орындарын тәмамдап, білімін толықтырады. 1920 жылы комсомол қатарына кіреді, Ахмер ауылында комсомол бөлімін құрып оның бірінші хатшысы болады,осы уақытта драмалық үйірмелерге қатысып, оларды басқарысады.

    Әрі қарай Бұхтырма уезіне қарайтын Катонқарағай селосындағы орыс мектебінде 1921-1923 жылдары оқып, білімін толықтырады. 1924-1925 жылдары Зәки Алтайдағы алтын ұя аталған, Әбдікерім болыс ашқан Шыңғыстайдағы орысша-қазақша мектепке барып, сабақ береді. Бұл мектептен қазақтың атақты ғалым, ақыны Сәрсен Аманжолов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар балаларды оқыта жүріп, ондағы жоғарғы дәрежелі білімді Москва  мен Петербургтен келген орыс мұғалімдерінен өздері де білімдерін толықтырып, жетілдіреді.

    1925 жылы жас Зәки уездік облыстық оқу бөліміне қызметке алынып, инспектор болып қызметке кіреді. Осы жылдар уездік комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланады. Уездік атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып та қызмет атқарады.

    1926-1929 жылдары Москва қаласында оқып, Қызыл профессура университетін (Ком ВУЗ) үздік бітіреді. Жоғарғы дәрежелі біліммен Москвадан оралған Зәки Өскемен қаласындағы совпартшколасы мен культпросвет техникумдарында сабақ береді.

    1934 жылы Зәки аға сол кездегі губерния орталығы Семей қаласында совпартшколға директор болып қызметке жоғарылайды. Осы кезде 1937 жылы «халық жауы», «Қажы-молданың баласы Алашордашылдармен тығыз қатынаста болған»  деген адам нанғысыз жаламен ұсталады.1938 жылдың  26 ақпанында ССРО Жоғарғы соты Әскери Коллегиясының көшпелі сессиясының үкімімен ату жазасына кесіледі.1938 жылы 5 наурызда Алматы облысы Талғар ауданы қазіргі Жаңалық, бұрынғы Диқанбай қыстағында атылған.

    Зәкидің жан жары Уәзипа Майжолқызы 2010 жылы 26 мамырда  99-ге келіп қайтыс болды, өмір бойы мектепте бала оқытқан ұстаз, қолында үш жасар балапаны Кларасы бар, түрмеге алынып, бақандай  он жыл Ақмоладағы халық — «Алжир» атап кеткен лагерде отырып шығады.

    Қызы Клара – екі баласы бар, жан-жолдасы Әміров екеуі де ғылым кандидаттары, немерелерін бағып, Алматы қаласында тұрып жатыр.

    Бөлісу/Поделиться: