Уалиева К. Т. — Сәлем сөздің басы - Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы "Облыстық тарихи-өлкетану музейі" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны
Skip to content
Басты бет » Уалиева К. Т. — Сәлем сөздің басы

Уалиева К. Т. — Сәлем сөздің басы

    Сәлемдесу сөз басы. Ата-баба дәстүрінің келесі бір қастерлейтіні -дұрыстап сәлемдесе білу. Халқымыз осы рәсімге де ерекше мән аударған. Қазақ дәстүрінде сәлемдесу тек амандық сұрасу ғана емес, бұл ел ішінде ағайын-туыс арасында татулық орнату, жұрт бір-бірімен қырғи-қабақ болмай, ауыл-аймақты біріктіру мақсатын көздейтініне ерекше мән берген.

    Салемдесу — ағайын мен туысты, дос-жаранды, іні мен ағаны, бала мен дананы жарастыру ғана емес, ата салтын жалғастыру, алысты жақындату. Әсіресе, кішінің үлкенге сәлем беруі — үлкеннің құрмет көруі, жастың ізеттілік білдіруі әдептіліктің, адамгершіліктің, сөз мәдениетінің баспалдағы болып саналады. Ақ сақалды атаны, ақ шашты әжені құрметтеу, жалпы үлкенге салем беру, алдынан кесе өтпеу жас ұрпақтың қастерлі парызы.

    Қазақ салтында, төрде ақсақал, сыйлы адамдар отырса, келген адам сырттан салем беріп, қолын кеудесіне қойып, басын иген. Жас адамның жасы үлкен адамға немесе бір нәрсе жайлы тілдесу үшін өзінен үлкен адамға, не құрбы құрдасымен кездескенде бірінші сәлем беруі міндетті.

    Қазақта «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді» деген аталы сөз бар. Мұндайда жасы үлкен кісі, келген адамнан ат-көлік, ел-жұрт амандығын сұрасып, жасының үлкендігіне қарамай, өзінің кішіпейілдігін көрсетеді. Үлкен-кіші, қатарлас құрбы-құрдастар, әйел адамдар қазіргі күнде көбіне «Сәлеметсізбе ? Аман- есенсізбе ? Есен-саусыз ба ? Аман-саусызба ?» деп сәлемдеседі. Ал, ер адамдар үлкен адамға, танысына, араласып жүрген адамына немесе құрмет тұтып, жақын көрген адамымен сәлемдескенде ұлттық дәстүрді сақтап, «Ассалаумағалайкум» деп, ал сәлем алушы «Уағалейкумассалам» деп қолын ұсынады. «Ассалаумағалейкум, сізге Алланың нұры жаусын, тәңірден есендік тілеймін, тыныштық болсын» дегенді білдірсе, «Уағалейкуммассалам, Алланың рахым нұры сізге екі есе жаусын, тәңірден сізге амандық, тыныштық тілеймін» деген ұғымды білдіреді.

    Әр халықтың сәлемдесу салты да әртүрлі. Мысалы: жапондықтар амандасқанда үш рет тәжім етсе, тибеттіктер оң қолымен бас киімін шешіп, сол қолын құлағының астынан ұстайды, ал үнділер, екі алақанды біріктіріп, маңдайға тигізіп бас иеді екен. Осылардың бәрінде адамдардың бір-біріне деген ізгі тілегі мен ізет -ілтипаты, иманжүзділігі мен мейірмандығы жатыр.

    Экспозициялық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы Уалиева Күләш Тұзғанқызы

    Бөлісу/Поделиться: