Құда түсу — ежелден келе жатқан дәстүр. Қазақ халқының үйлену ғұрпында қызды айттырып, жаушы барып, дұрыс жауап әкелгеннен кейін жігіт жағынан әке-шешесі барлық жан ашыр туыстарын жинап, құдалыққа барудың жайын сөйлесіп, шешім қабылдайды. Ондай адамдарға ақылды, абыройлы сабаз, өнерлі, шешен, сергек, тапқыр ойын көтеретін адамдар сұрыпталып, олардың ішінен ақылдысын бас құда етіп тағайындайды. Олар жөн -жорасымен, сый-құрметпен қыз ауылына аттанады. Мұны құдалыққа бару деп атайды. Барған қалыңдық ауылының құдаларына арнап істеген тілеу тойын құда түсу тойы деп атайды. Қазақта «құданы құдайдай күт» деген сөз бар. Сол үшін ауыл, туыс-туған, ру, тайпа намысы үшін құдалардан сөгіс естімес үшін, әркім құдаларын шама-шарқынша күтуге тырысады. Қыздың ауылы құдаларға ақ шаңқан, ақ үйлер тігіп, құдалардың алыстан алдынан шығып, ат көлігін байлап қонақ үйлердің есігін ашып, сырмақ төсеп, жастық салып, қолдарына су құйып, сән-салтанатпен қарсы алып қабылдайды. Қазақ халқының сонау түркі дәуірінен келе жатқан дәстүрі бойынша шай ішіліп болған соң ақ сарбас қойға бата істеліп, малды бауыздап, қойдың бауыздау қанына құдалар қол батырып, қандаспыз, аңдаспыз, құдамыз қанымыз бен жанымыз бір десіп, бата бұзбауға, сертті бұзбауға ант етіседі. Қазақи көне құдаласудың бір белгісі ол құйрық-бауыр асату ғұрпы болмақ. Бұл да құдаласудың бір кепілдік дәстүрі болып саналады. Құдалар алдына құйрық-бауыр туралған табақ тартылады. Оларға бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар деген тілек айтылады. Ең алдымен бұл дәстүр екі жақты құйрық-бауырдай жақын бауырлас болдық деген салтты білдіреді. «Қазақта құйрық-бауыр жедіңбе, құда болдым дедің бе» деген сөз осыдан қалған. Құйрық-бауыр жеген құдалар бір-біріне ант беріп, ешқашан уәдені, сертті, құдалықты бұзбауға тиіс. Осылай құдаласу құпталған соң, бас құдалар бір-бірімен қүшақтасып, төс қағысып, екі жақтың құдағилары да ерекше құрметтеледі. Үйге шашу шашылып «құдалықтарымыз ұзағынан болсын, мың жылдық құда болайық» деп алдағы дәстүрлі іс-шараларға келіседі.
Қызға құда түсуге келгенде, шешілуге тиісті басты мәселенің бірі — қалыңмал. Бұл қазақ өмірінде ертеден келе жатқан дәстүр. Әрине, оның мөлшері құдалардың тұрмыс-жағдайына, әр жердің өз салтына байланысты. Құдалықтың соңында қыз жаққа әкелінген сый-сияпаттар, кәде-сыйлар таратылып, құдалар құрметіне ән-күй, айтыс ұйымдастырылып, ат бәйгесі, палуан күресі, көкпар тарттырып, алтыбақан құрып, құдалар көңілі қош етіледі. Қазіргі таңда да осы салт-дәстүр маңызын жоғалтпай келеді.
Экспозициялық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы Уалиева Күләш Тұзғанқызы