Skip to content
Басты бет » Забер Баянов Ұлан аудандық газетінің бірінші редакторы

Забер Баянов Ұлан аудандық газетінің бірінші редакторы

    Забер Баянов баласы Сәкеннің ұлы Арсен, жұбайы Батима, екінші қатарда Забер аға асырап алған ағасы Жылқайдардың қызы Мансура

    2023 жылы Ұлан ауданы үшін тарихи жыл. Киелі Ұлан ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толды. Жылдың басынан ауданымыздың айнасынан арнайы «Ұланым мақтанышым» деген айдар ашылып,тарихи тұлғалар туралы құнды материалдар жарық көруде.Бүгін менде қолыма қалам алып,осы тарихи газеттің алғашқы редакторы болған Забер Баянов туралы сыр шертпекпін.

    Жүністің бір баласы Салық болса,екінші Баян. Екеуі де өз заманының оқымыстысы да, молдасы да болған жандар.Осы Баян молданың ұлы Забер Баянов 1907 жылы Ұлан ауданы Шөже қыстағында дүниеге келді.

    Салық атасының Шөжедегі мектебінде білім алады.Мектепті бітірген соң Семейден семинария бітіріп келіп ауыл мектебінде мұғалім болып қызмет істейді.Кейін Тарғын мектебіне ауысады.Сол жерде партия қатарына кіреді, қоғамдық-саяси жұмыстарға кеңінен араласады. Рудниктегі жұмысшылар арасында үкімет саясатын таратады.Сол саладағы жетістіктерінің арқасында облыстағы партия басшылары Забер Баяновты аудандық партия комитетіне хатшылыққа сайлайды.

    Ал 1932 жылы Забер аға Алматыға аудан газеттері редакторларының оқуына жіберіледі, курстарда оқып жүргенде оларға Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Ғаббас Тоғжанов сынды сол кездегі қазақ интеллигенциясының алдыңғы шебіндегі белсенділері сабақ берген екен.Жалпы сол кезде Алматыдағы «курстарды» бітіру оқу-білім беру деңгейі жағынан кейінгі кездегі Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеңге тең екен.

    1932 жылдың қараша айында Өскемен қаласының типографиясында басылған аудандық «Социалистік майдан» газетінің бірінші номері шығарылады. Бұл 1000 данамен шығарылған Ұлан ауданының алғашқы газеті еді. Осы нөмір қолымызға тигенде қуанышымызда шек жоқ еді. Алғашқыда салт атпен Өскеменге барып газетті қоржынға салып алып келіп жүрдік. Бұл өте ыңғайсыз еді, аудандық комитете З.Баянов  типография керектігі жөнінде мәселе көтереді.Облыс партия басшылығы Ұлан ауданына Зырян баспасының бір типография қондырғысын  бөлуді шешеді.Көп ұзамай Баянов аудан есебінен бөлінген қаражатқа Зыряннан баспа қондырғысын 12 ат шана көлігімен аудан орталығы Никитинкаға жеткізген екен.Сөйтіп Ұлан ауданында ең алғаш ашылған аудандық газетке Забер Баянов редактор болып тағайындалады.Осы жерде бес жылдай сүйген жұмысы журналистикамен айналысады,редакцияға басшылық жасайды.

    Газет шығару жұмысында керек-жарақтың жетіспеуі, ғимараттың болмауы, қаржы тапшылығы деген сияты көптеген проблемалар туындап тұрды. Соларды шешуге Забер Баянов тапқырлық көрсете білді. Бірде қаржы мәселесімен Республика партия комитетінің 1 хатшысы Мирзоян жолдасқа кіріп, аудандық газетке аудан бюжетінде қаржы қарастыру мәселесін оңтайлы шешкені де бар.

    Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы нәубетіне көптеген интеллигенция өкілдерінің қатарында «халық жауы» деген желеумен Забер Баянов та ұшырайды. 1937 жылы Зебер ағаны үкімет «үштіктің» үкімімен  Сібірдегі Ачинскіге 10 жылға жер аударады.

    Конвоймен Семей қаласына жаяу айдалып бара жатқан тұтқындарға отбасы мүшелері, әйелдері мен балалары жылап-еңіреп барған екен.Сонда 9 жасар Сәкен әкесінің қасында болғанда әкесі  оған: Балам, менің еш күнәм жоқ, ешкімге қиянат жасаған емеспін. Үкіметтің бір нәрсесін алған емеспін, басымда үйім, алдымда салған малым, дүнием де жоқ. Бар жазығым демалыс күні үкіметке қызмет істегенім болмаса. Мені барған соң босатып жіберетін шығар, — деген екен.

    Семейде барлық тұтқындар қала түрмесіне қамалады. Одан вагондарға отырғызып, Ачинскі бағытын бетке алып бара жатқанда, пойыздан бес адам Новосібір қаласына жете бергенде қашып шығады. Олар соғысқа бару үшін батысқа жүріп бара жатқан кез-келген бір эшелонға мініп кетеді. Солардың бірі Забер еді. Бұл эшелон штрафниктерді соғысқа апара жатыр екен, іші толы Сібірден келе жатқан неше сотталған бұзықтар. Сол бесеуі барған бойы осылармен бірге соғысқа кіріп кетеді. Қан майданда елмен қатар Отанды қорғап,жаумен шайқасады.

    Ұлы Отан соғысынан жеңіспен қайтып келген бетте бұларды НКВД адамдары ұстап,қайтадан түрмеге жабады.1947 жылы Зебер аға қатты ауырып түрмеден босап келеді. Өскемен қаласы ауруханасында өкпесін емдетеді. Емделіп шыққан соң Зебер Баянов Өскемендегі «Алтай большевигі» газетіне жұмысқа тұрады.

    1954 жылы Зебер Баяновты Алматы қаласындағы жаңадан ашылған «Қызыл таң» газетіне, ауыл шаруашылық бөлімінің басшылығына қызметке шақырады. Осы редакцияда Зәбекең зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етті.

    1956 жылы Үкімет тарапынан Забер Баянов ақталып, осы кісіге партия билетін қайтарып берген еді. 1959 жылы ол кісінің Кеңес үкіметін құру жолында ерен еңбегі ескеріліп қалалық Кеңестің шешімімен Алматы қаласынан үй беріледі. Көп жылға журналистік еңбегі бағаланып, Кеңестер Одағы жазушылар Одағының мүшесіне алынады. Қарт журналист зейнеткерлікте болса да Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультінің студенттеріне сабақ беріп, диплом жұмыстарына жетекшілік жасап жүрді. Қоғамдық жұмысқа да көп аралысты. Алматы қаласында жергілікті Кеңестің депутаты болып сайланады.

    1976 жылы еңбегімен елге еленіп, тарихта қалған тұлғамыз Зебер Баянов қайтыс болады. Алматы қаласында жерленді. Забер атаның артында Сәкен атты ұлы, Арсен, Асқар, Халида атты немерелері қалды. Солардың ішінде Забер атаның жолын қуып журналистикамен айналысқандары Арсен мен Асқар болды. Бірі кезінде «Аргументы и факты» газетінде, екіншісі «Новое поколение» газетінде қызмет істеген.

    Осындай қаламы қарымды,жазғаны жалынды,әділдікті ту еткен ардагер журналист артынан өшпес із қалдырды.

    С.Ғайса

    Бөлісу/Поделиться: