ЖЕРДЕН ТУҒАН ЗЕР: ҰРШЫҚБАСТАР АРҚЫЛЫ КӨШПЕЛІЛЕР ДҮНИЕСІН ТАНУ
Ұршықбастар — жіп иіру ісінде қолданылған шағын тұрмыстық бұйымдар. Олар көбіне қыштан, тастан, сүйектен немесе металдан жасалып, ұршықтың сабына кигізілген. Негізгі қызметі — ұршықтың айналуын тұрақтандырып, талшықты біркелкі етіп жіпке айналдыруға көмектесу. Пішіні көбіне дөңгелек, сопақша, кейде конус тәрізді болып келеді, ортасында сабын өткізуге арналған тесік болады. Археологиялық тұрғыдан ұршықбастар ежелгі тұрғындардың тоқымашылық, жіп иіру және үй кәсіпшілігімен айналысқанын дәлелдейтін маңызды заттық дерек болып саналады. Олардың жасалу техникасы, қыш құрамының ерекшелігі, бетінің өңделуі мен пайдалану іздері сол дәуірдегі қолөнер дәстүрі мен шаруашылық мәдениетін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан Ақбауырдан табылған ұршықбастар бұл жерде жіп иіру кәсібі болғанын, демек тоқымаға қатысты үй өндірісі дамығанын көрсетеді. Осындай бұйымдар сақ дәуірімен сабақтас ерте темір кезеңіндегі күнделікті тұрмыс мәдениетін, әсіресе киім-кешекке қажет жіп дайындау ісін тануда аса маңызды дерек көзі болып саналады.
Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені Өскеменнен шамамен 38 км жерде орналасқан. Кешен құрамына жартас суреттері, қола дәуірінің қонысы мен қорымдары, сондай-ақ ерте темір дәуірінің қоныстары енеді. 2019 жылғы зерттеулер барысында Ақбауыр-1 қонысынан ұршықбастар, дәнүккіштер, өрнекті қыш ыдыс сынықтары, қайрақ тастар, жылқы, қой және ешкі сүйектері табылған. Бұл олжалар ежелгі тұрғындардың шаруашылығы күрделі болғанын, яғни олардың тек мал бағумен ғана емес, үй кәсібі мен қолөнермен де айналысқанын аңғартады. Ақбауыр-1 қонысы алғашқы жарияланымдарда б.з.д. XI–IX ғасырларға, яғни қола дәуірінің соңы мен ерте темір кезеңінің басына жатқызылған; кейін бұл мерзімнің радиокөміртектік талдаумен нақтыланғаны айтылды. Сонымен бірге Ақбауыр шатқалындағы өзге нысандардан б.з.д. VII–VI ғасырлардағы сақ тайпаларына тән металл балқыту пештері де табылған. Сондықтан Ақбауырдан табылған ұршықбастар сақ дәуіріне ұласқан ерте темір кезеңіндегі тоқыма және үй кәсібінің маңызды археологиялық айғағы.
Ақбауыр археологиялық кешені Шығыс Қазақстан аймағындағы қола дәуірінен сақталған маңызды мәдени-тарихи обьектілердің бірі болып табылады. Аталған ескерткіштегі материалдар ішінде керамикалық ұршықбастар ерекше орын алады. Бұл артефактілер жіп иіру дағдыларының қалыптасуын, тұрмыстық еңбек мәдениетінің дамуын және жергілікті өндірістік процесестердің эвалюциясын зерттеуге мүмкіндік береді. Зерттеуде ұршықбастардың морфологиялық сипаттамалары, олардың стартиграфиялық контексті мен функционалдық ерекшеліктері қарастырылады.
Жалпы, қазба жұмыстары барысында қоныс орындарынан табылатын ұршықбастар саны көп болмайды. Яғни, бір қоныс орнынан қазба барысында барлығы 10–15 шақты ұршықбастар табылады. Табылған ұршықбастар көлемі, өлшемі жағынан әртүрлі болып келеді. Олардың арасында қалыңдығы 5–6 см-ге дейін жетсе, басқалары 2–3,5 см ғана құрайды. Олардың өлшемі ұршыққа иірілген жіптің (малдың қылы), жүннің және өсімдіктің түріне байланысты. Ұршықбастар жасалу ерекшелігіне қарай негізінен тастан және қыштан дайындалған. Тастан жасалған үлгілерде көбіне гранит тасы пайдаланылған. Ал қыштан жасалған ұршықбастардың құрамындағы қоспалардың басым бөлігі Ақбауырдағы Қоржынбай тауынан алынған. Ақбауыр қонысынан табылған ұршықбастардың ішінде қыштан жасалған үлгілер жиі кездеседі. Ерекше назар аударатын жайттардың бірі — ертедегі сақтар қолданған қыш ыдыстардың қалдықтарын керамикалық ұршықбастар жасауға қайта пайдалануы. Атап айтқанда, қыш ыдыстың астыңғы бөлігі арнайы өңдеуден өткізіліп, жіп иіруге арналған ұршықбас ретінде қолданылған. Бұл ежелгі шеберлердің тұрмыстық бұйымдарды ұтымды пайдаланып, оларға екінші өмір бергенін көрсетеді.
Төменде тастан және қыштан жасалған ұршықбастар ұсынылған. Солардың біреуі жартылай сынған күйде сақталған. Аталған бөлікті жақыннан қарастырғанда, оның беті мұқият өңделгені анық байқалады. Бұл ерекшелік оның сынғаннан кейін немесе одан бұрын қайрақ ретінде де пайдаланылғанын аңғартады. Табылған ұршықбастарды қысқаша сипаттай кететін болсақ:

Акб/20/820 Акб/20/615
Ұршықтың басы. Ақбауыр №2 Қоныс орны.
615. Тастан жасалған ұршықбас. Пішіні дөңгелек. Диаметрі 3 см, орталық тесігінің диаметрі 6 мм. Тесігі екі жақ бетінен бұрғыланып жасалған. Бұйымның бір жиегі сынған. Беті жақсы тегістелген және жылтырата өңделген. Сыртқы бөлігінде бау немесе жіп тағылып, бекітілуіне байланысты пайда болған терең іздер сақталған. Бүйір жақтары да өңделіп, тегістелген. Бұл ұршықтың сынғаннан кейін немесе одан алдын қайрақ ретінде қолданылғаны дәлел.
820. Қыштан жасалған ұршықбас. Пішіні дөңгелек. Диаметрі 3,6 см, ортасындағы тесігінің диаметрі 1,1 см. Тесігі екі жағынан бұрғылау әдісімен түсірілген. Бұйым ірі құм араласқан, тығыз емес, кедір-бұдырлы қыш массасынан жасалған. Дайындау барысында таспалап жапсыру техникасы қолданылған, бетінде өсімдік қалдықтарының таңбалары сақталған. Сыртқы беті толық өңделмеген, алайда бүйір жақтары мұқият тегістеліп, қайралған. Артефакт жіп иіру және тоқымашылық ісінде пайдаланылғанын көрсетеді.
Қорытынды
Осылайша, қоныстар мен археологиялық кешендерден табылған ұршықбастар ежелгі тұрғындардың жіп иіру, тоқымашылық және үй кәсіпшілігімен белсенді айналысқанын дәлелдей отырып, сол дәуірдегі шаруашылықтың сипатын, қолөнердің даму деңгейін, тұрмыстық мәдениеттің ерекшеліктерін және күнделікті өмірде пайдаланылған еңбек құралдарының қызметін айқындайтын маңызды археологиялық дерек көзі болып табылады. Сонымен қатар, сол кезеңдегі тұрғындардың тұрмысы мен шаруашылығында тоқыма ісінің маңызды орын алғанын дәлелдейді. Бұл жәдігерлер арқылы ежелгі адамдардың қолөнерді меңгергенін, жіп иіру технологиясын пайдаланғанын және күнделікті өмірінде қажетті бұйымдарды өздері дайындағанын көруге болады. Ұршықбастар — өткен дәуірдің мәдениеті мен экономикалық өмірін танытатын құнды археологиялық дерек.
Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының «Облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің экскурсия жүргізушісі Меделбек Ш.