Меделбек Ш. - Тұлпар үстіндегі теңдік - Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы "Облыстық тарихи-өлкетану музейі" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны
Skip to content
Басты бет » Меделбек Ш. — Тұлпар үстіндегі теңдік

Меделбек Ш. — Тұлпар үстіндегі теңдік

    ТҰЛПАР ҮСТІНДЕГІ ТЕҢДІК: ҮЗЕҢГІ ТАРИХЫ

    Үзеңгі — қазақ тарихында өте маңызды орын алды. Ол тек тұрмыстық құрал емес, бүкііл көшпелі өмір салтының дамуына ықпал еткен жаңалықтардық бірі болды.

    Үзеңгі — атқа міну кезінде шабандоздың аяғын тіреп отыруына арналған ер- тұрманның маңызды бөлігі. Ол атқа мінуді жеңілдетіп қана қоймай, салт атттылардың тепе-теңдігін сақтауға, шайқас пен ұзақ жорықтарда орнықты отыруына мүмкіндік береді.

    Үзеңгінің нақты қашан пайда болғаны туралы түрлі деректер бар. Археологиялық зерттеулерге қарағанда үзеңгі б.з.б I мыңжылдықта пайда болғаны айтылып отыр. Ол атқа оңай мініп-түсу үшін және ат үстінде мығым отыру үшін пайдаланылған. Жауынгер шауып келе жатып, найзасын үзеңгі үстіне аяғын тіреп тұрып сілтегенде, оның күші үш төрт есе көбейген. Көптеген зерттеушілер оның алғашқы нұсқалары Үндістан мен Қытай аумағында қолданылғаны айтылады. Сонымен қатар ең алғашқы табылған үзеңгі бір жақты ғана болған. Ол б.з. 3 ғасырында  Солтүстік Қытай даласының көшпелілер арасында пайда болған. Бұдан да ертерек жылқының тек бір жағында тұратын үзеңгі Батыс Хань әулетіне тиесілі №18 қабірден табылған.

    Енді неліктен үзеңгі сол жаққа ғана бекітілгені туралы айтатын болсақ, адамдардың басым бөлігі оңқай болған, ал жауынгерлер қылышты оң қолымен суырып алу барысында үзеңгі кедергі келтірмес үшін ол тек бір жақты ғана болған. Яғни сол жағында үзеңгі, оң жағында қару-жарақтары болған. Ал екі жаққа бірдей салбырап тұратын металл үзеңгілер бейнеленген алғашқы сурет Қытайдың Лоянин провинциясындағы Солтустік Ян әулетінің қабірінен табылған және ол 415 жылға жатады. Ал кейбір деректерде Қытай археологі Лю Хань және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтары Қытайға солтүстіктегі көшпенді түркілерден «Түркі қағанатынан тараған» деп жазады. Кейін бұл жаңалық Еуразия даласына тарап, көшпелі халықтар арасында кеңінен дамыды.

    Кейіннен Аварлар шамамен үзеңгіні Еуропаға 6 ғасырларда алып келген. Еуропалықтар үзеңгіні тек ер-тоқымға мінуді жеңілдететін акрнайы «баспалдақ» ретінде ғана қабылдаған. Олар оны грек тілінде «скала»«баспалдақ» деп атаған.

    Ал Византия әскерлерінде атқа мінуді жеңілдету мақсатында олардың ер-тоқымдарының сол жағына қосарлы үзеңгі бекіту қажет болды. Яғни әдеттегі алдыңғы үзеңгіден бөлек, артқы доғада да үзеңгі болу керек еді. Ол жараланған және аттан құлаған әскерлерді және оларға қарайтын депоттаттардың атқа мінуін жеңілдету мақсатында қолданылған. Осылай үзеңгінің адам өмірінде атқаратын рөлі біртіндеп арта түсті.

    Үзеңгінің жетілдірілуі әскери өнердің дамуына зор ықпал етті. Ғалымдар ең алғашқы атты әскердің пайда болуын үзеңгіні ойлап табумен байланыстырды. Ауыр қаруланған атты әскердің пайда болуы Еуразия кеңістігіндегі көптеген мемлекеттердің әскери қуатын арттырған.

    Қазақ мәдениетіндегі үзеңгі

    Қазақ халқы үшін үзеңгі – тек тұрмыстық құрал емес, мәдени-символдық мәні бар бұйым. Атты қолға үйретіп , жылқы жабдықтарын жасау үшін адамзат мыңдаған ғасырлық ұзақ жолдан өткен. Жылқы жабдығының маңыздылығы туралы қазақ фольклорында да айтып кеткен.

    Екі тізгін жоқ болса,
    Ат басын адам бұра алмас.
    Екі тартпа жоқ болса,
    Ат үстінде тұра алмас.
    Екі үзеңгі жоқ болса,

    Атқа адам міне алмас… – деп келетін жыр да бар. Бұл жыр жолдары жылқы жабдығының, оның ішінде үзеңгінің қазақ өмірінде маңызы зор екенін білдірсе керек. Қазақ көшпелі халық болғандықтан біздің тарихымызда үзеңгі ерекше орын алған. Ал үзеңгі ат жабдықтарының ажырамас бөлігі болғаннан кейін, оның жасалу түрі, материалдары да өзгеріп отырған. Осыған байланысты

    Үзеңгі негізінен:

             •        табан тірейтін жалпақ бөліктен,
             •        аяқ өткізетін доға тәрізді темірден,
             •        ерге бекітілетін қайыстан (тебінгі бау) тұрады.

    Түрлеріне байланысты:

             •        Жалпақ табанды үзеңгі
             •        Қоңыраулы (әшекейлі) үзеңгі
             •        Жеңіл салмақты әскери үзеңгі

    Бұл қарапайым зат бүкіл көшпелі өркениекттің алға басуына өз ықпалын тигізген. Ер-тұрман әбзелдерінің ішінде үзеңгі ерекше орын алады. Қазақ шеберлері оны ағаштан, темірден, кейде күміспен күптеп, ою-өрнекпен безендірген. Соның ішінде ағаштан жасалатын үзеңгілер әсіресе (солтүстік аудандарда) қайыңнан иленген.

    Қазіргі таңда Облыстық тарихи-өлкетану музей қорында Шығыс Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстары барысында табылған темір үзеңгілер сақтаулы. Бұл жәдігерлер ерте және орта ғасырлар кезеңіне жатады. Пішіні жағынан олар доға тәрізді, табаны жалпақ, кейбір үлгілерінде өкшені тірейтін кішкене иін байқалады. Археологиялық үзеңгілер көшпелі тайпалардың әскери ісі мен атқа міну мәдениетінің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Үзеңгінің пайда болуы атты әскердің қуатын арттырып, жауынгерге найза, қылыш қолданғанда берік тірек болған. Шығыс Қазақстан өңірі ежелден сақ, ғұн, түркі тайпалары мекендеген аймақ болғандықтан, табылған үзеңгілер сол дәуірлердің материалдық мәдениетін зерттеуде маңызды дерек көзі болып табылады.

    Уақыт өте келе үзеңгілердің пішіні мен материалы жетілдіріліп, темірден жасалған үлгілер кең таралды. Сақ дәуіріндегі үзеңгілердің негізгі қызметі  ат үстінде тұрақтылықты сақтау болса, қазіргі заманғы үзеңгілер спорттық стандарттарға сай, жеңіл, қауіпсіз және анатомиялық тұрғыдан ыңғайлы етіп жасалады. Олар болат, алюминий немесе синтетикалық материалдардан дайындалып, табаны тайып кетпеуі үшін арнайы қапталған. Қазіргі үзеңгілердің дизайны мен қауіпсіздік жүйесі ат спортының түрлі бағыттарында  бәйге, көкпар, конкур қолдануға толық сәйкес келеді.

    Салыстырмалы талдау көрсеткендей, сақ дәуіріндегі қарапайым үзеңгілер мен қазіргі заманғы спорттық үлгілердің арасындағы басты айырмашылық – материал, қауіпсіздік пен эргономикада. Дегенмен, екі кезеңде де үзеңгі ат үстінде тепе-теңдікті қамтамасыз ету функциясын орындаған.

    Бүгінде үзеңгі заманауи ат спорты жабдықтарының ажырамас бөлігі болып саналады. Кәсіби жарыстарда қауіпсіздік талаптарына сай арнайы үлгідегі үзеңгілер қолданылады.

    Қорытынды

    Үзеңгі — адамзат тарихындағы маңызды жаңалықтардың бірі. Ол көшпелі өркениеттің дамуына, әскери өнердің жетілуіне және ат мәдениетінің қалыптасуына зор үлес қосты. Қазақ халқының тұрмысында үзеңгі тек құрал емес, ұлттық дәстүр мен шеберліктің көрінісі болып табылады.

    Қорытындылай келе, үзеңгі — көшпелі өркениеттен бүгінгі күнгі спорт мәдениетіне дейінгі дамудың айқын көрінісі. Ол тек құрал емес, халықтың ат мәдениетіндегі дәстүр мен шеберліктің символы болып қала береді.

    Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының «Облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің экскурсия жүргізушісі Меделбек Ш.

    Бөлісу/Поделиться: