Меделбек Ш. - Тағдырды тебіренткен қыл - Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы "Облыстық тарихи-өлкетану музейі" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны
Skip to content
Басты бет » Меделбек Ш. — Тағдырды тебіренткен қыл

Меделбек Ш. — Тағдырды тебіренткен қыл

    Қобыз — қазақ халқының көне ішекті музыкалық аспаптарының бірі. Қобыздың үні қоңыр, мұңды, терең болып келеді, сондықтан ол халықтың жан дүниесін, қайғысын, қуанышын, табиғат үнін ерекше жеткізе алған.

    Қобыз күйлері көбіне Қорқыт, Ықылас Дүкенұлы сияқты күйшілердің шығармашылығымен байланысты. Қорқыт қобыздың ең алғаш пайда болуымен, Ықылас қобыз өнерін дамытып, оны кәсіби деңгейге көтерген тұлға ретінде танылады. Бұл музыкалық аспаптың шығу тарихы туралы ең белгілі аңыз Қорқыт атамен байланысты. Ел аузындағы әңгімелерде Қорқыт қобызды алғаш жасап, күй тартқан адам ретінде айтылады. Сол себепті қобыз тек музыкалық аспап емес, рухани және киелі мұра ретінде де бағалы.

    Аңыз бойынша, Қорқыт өлімнен құтылудың жолын іздеп, ағаштан қобыз жасаған. Жасалуы бойынша қобызды үйеңкі, қайың ағашынан ойып, шанағын түйе терісімен қаптап, ішегін аттың қылынан таққан.

    Сол қобызды өзіне серік етіп, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күй күшімен суға батпаған екен. Оның қобызының үнінен табиғат, аң-құстар тілге келіп, адамдардың мұңын жеңілдеткен. Қорқыт өзінің өмірінің соңына дейін өлімнен қашқан деседі. Қайда барса да алдынан қазылған көр шығып, “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап естиді. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері — Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Бұл музыканың табиғаттың төрт элементі жер, су, от, ауаға байланысын және адамның табиғаттан қуат алатынын білдірген.

    Қорқыт Ата қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған. Аңызға сәйкес Қорқыт ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны ақыры шағып өлтіріпті деген аңыздар бар. Өмір жолын дүниені терең тануға, оның сырын ұғынуға арнаған. Артынан өшпес із қалдырып, бірнеше құнды еңбектер қалдырды. Қорқыттың шанағынан шыққан әрбір күй тектен-тек шықпаған. Әрқайсысының өз тарихы болған. Қорқыт өзінің ұрпағына ұлы мұра — қобыздың күйлерін: «Қорқыт», «Желмая», «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Башпай», «Ұшардың ұлуын» қалдырған. Олардың әрқайсысы терең мағынаға толы болған. Соның бірі — «Башпай» күйі.

    Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Қорқыт атаның қарындасы болған екен. Бірде қарындасы оған тамақ әкелгенде, оның башпайы қарындасына тиеді. Сонда ол: «Мені көмгенде, башпайымды сыртқа шығарып көміңдер», — дейді. Бұны айтқан себебі: ертеде қазақ халқы қызды еркелетіп, оны құрметтеген және оған ер адамның кез келген мүшесі тисе, арсыздық деп санап, сол адам өмір бойы ұятта өмір сүреді деп түсінген. Осыған арнап осы «Башпай» күйін шығарған екен. Сондықтан қобыз қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің символдарының бірі болып саналады.

    Қазақ музыкасында көбіне қобыздың түрлеріне қарай: қылқобыз және нарқобыз сияқты түрлерге бөлінеді. Ең көп таралғаны — қылқобыз. Қобыз халық күйлерін орындауда маңызды орын алады. Ол арқылы табиғат, өмір, өлім, сағыныш, тағдыр сияқты терең тақырыптар бейнеленген. Қобыздың басқа аспаптардан басты айырмашылығы — оның үні өте әсерлі, күңіренген, тылсым болып естіледі.

    Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ағаштан жасалатын бұйымдардың орны ежелден ерекше болған. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген халқымыз табиғатпен етене өмір сүріп, ағаштың қасиетін терең түсіне білген. Әсіресе, Шығыс Қазақстан өңірі орман-тоғайға бай, табиғаты көркем аймақ болғандықтан, жергілікті шеберлер ағаш өңдеу өнерін жоғары деңгейде меңгерген. Олар ағаштың жеңіл, берік, иілгіш түрлерін таңдап, күнделікті тұрмысқа қажетті сан алуан бұйымдар жасаған. Атап айтқанда, киіз үйдің сүйегі — шаңырақ, уық, кереге, есік; жиһаз түрлері — сандық, жүкаяқ, асадал; ыдыс-аяқтар мен түрлі шаруашылық құралдары ағаштан дайындалған. Сонымен бірге ағаштан жасалған ұлттық музыкалық аспаптар да халқымыздың рухани өмірінде айрықша орын алды. Солардың ішінде қазақтың ең көне, ең киелі музыкалық аспаптарының бірі — Қылқобыз. Оның үні мұң мен сырға, толғаныс пен тереңдікке толы. Қобыздың сарыны адам жанына әсер етіп, табиғаттың үнін, көшпелі өмірдің тынысын, халықтың ішкі жан дүниесін жеткізе алған.

    Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залындағы ерекше жәдігерлердің бірі — Ермекбайдың қобызы. Бұл қобыздың тарихы тылсымға толы әрі ел аузында сақталған аңыз-әңгімелермен астасып жатыр. Аспап Ұлан ауданына қарасты Екатериновка (қазіргі Ақжартас) ауылының маңындағы үңгірден табылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл қобыз Қазан төңкерісінен кейін із-түссіз жоғалып кеткен бір бақсыға тиесілі болуы мүмкін. Демек, қобыз тек музыкалық мұра емес, өткен заманның рухани өмірінен хабар беретін сирек ескерткіш ретінде де бағалы.

    Осы бір құнды жәдігерді Екатериновка ауылының тұрғыны Рахимжанова Мақпуза тауып алады. Ол қобызды кездейсоқ тапқанымен, оның тарихи әрі рухани маңызын терең сезінген. Мақпуза апай көне аспапты көзінің қарашығындай сақтап, оны 45 жыл бойы ұқыптылықпен жоғалтпай, бүлдірмей аман жеткізген. Кейін бұл теңдессіз мұраны өлкетану музейіне сыйға тартып, келер ұрпаққа жол ашты. Бұл — жеке адамның ел тарихына, ұлттық мұраға деген шынайы жанашырлығының жарқын үлгісі. Музей қорына қабылданғаннан кейін қобызға қатысты арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Музейдің Ғылыми кеңесінің шешімімен жәдігердің шығу тегі, жасалу ерекшелігі, тарихи кезеңі мен мәдени мәні жан-жақты қарастырылды. Соның нәтижесінде қобыздың аса бағалы этнографиялық әрі музыкалық мұра екені анықталды.

    Ерекше атап өтер жайт, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын зерттеуге зор үлес қосқан белгілі ғалым, өнертанушы Болат Шәмшіұлы Сарыбаев бұл қобызға ғылыми сараптама жасаған. Ғалымның пайымдауынша, Ермекбайдың қобызы XIX ғасырдың екінші жартысында жасалған және ол қылқобыздың бірегей үлгілерінің қатарына жатады. Мұндай ғылыми тұжырым қобыздың тарихи құнын одан әрі арттыра түседі. Ермекбайдың қобызы — халқымыздың өткен өмірінен сыр шертетін, ұлттық өнер мен руханияттың сабақтастығын танытатын асыл жәдігер. Оның бойында ағаш шеберлігінің де, музыкалық дәстүрдің де, бақсылық мәдениеттің де ізі сақталған. Бұл қобыз — бір ғана адамның немесе бір ауылдың емес, бүкіл қазақ халқының мәдени жадын танытатын құндылық.

    Бүгінде музей төрінен орын алған бұл көне қобыз келушілерді терең тарихқа жетелейді. Оның үнсіз тұрған қалпының өзінде талай замандардың сыры, талай адамның тағдыры, халқымыздың рухани әлемі жатыр. Осындай мұралар арқылы өткенімізді танимыз, ұлттық болмысымызды тереңірек түсінеміз және мәдени құндылықтарымыздың қадірін ұғынамыз.

    Қорытындылай келе, қобыз — қазақ халқының көне де киелі музыкалық аспабы. Ол халқымыздың мұңын, қуанышын, тарихы мен рухын жеткізген. Қобыз қазақ өмірінде тек күй тартатын аспап қана емес, ұлттық дәстүр мен рухани мұраның белгісі болды. Сондықтан қобыздың қазақ мәдениетіндегі орны ерекше, маңызы зор.

    Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының «Облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің экскурсия жүргізушісі Меделбек Ш.

    Бөлісу/Поделиться: